Түркиядағы «Анадолу» фестиваліне Шу ауданының «Əсем əуен» фольклорлық ансамблі қатысты. HD
Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің шақыруымен Этимесгут ауданының мэриясы ұйымдастырған «Анадолу» фестиваліне Жамбыл облысы Шу ауданының «Əсем əуен» фольклорлық ансамблі қатысты.Шара басталмас бұрын өнер ұжымы қаланың көрікті орындарын аралап, Этимесгут ауданының мэрі Әнуар Демирельдің қабылдауында болды. Шығармашылық делегацияны Жамбыл облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Еркежан Сембаева, облыстық Халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Эльмира Дүтбаева, Шу ауданы әкімінің орынбасары Клара Қожағаппанова, ансамбльдің көркем жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Əуесхан Келгенбаев бастап барды.«Əсем əуен» фольклорлық ансамблі көрермендер назарына Əбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым», Мэлс Өзбековтің «Толқиды Шуым», Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен», Арман Бексұлтанның «Елге тілек» және Майлықожаның «Өсиет» термесі мен «Жан еркем», «Құрбым-ай», » Дей салдым-ай», «Ауылың сенің іргелі» сынды халық əндерін тарту етті.Өз кезегінде Шу ауданы әкімінің орынбасары Клара Қожағаппанова Жамбыл облысы әкімі Асқар Мырзахметов пен Шу ауданының әкімі Қайрат Досаевтың ыстық сəлемі мен жылы лебізін жеткізіп, мэр Əнуар Демирель мен елші Абзал Сапарбекұлының иығына шапан жауып, Тараз қолөнер шеберлерінің жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың бейнесін қолмен тоқыған келемшені сыйға тартты.