Елбасының Қостанай облысына іссапары HD
Біздің дәуір басталғалы 2017 жыл өтсе, осы аралықта бір түсініктің қазығы мықтап қағылды. «Әлемді идея билейді» деген. Ал игілікті идея ойлы адамнан ғана туады. Елбасының «ақыл аламанында алда болайық» дегенді әр Жолдауында айтуы сондықтан. Дегенмен «қолға тигеннің бәрін қотара беру де, берекеге бастамасын» білген жөн. Сарапшылар ойын ортаға салып, сараласақ: «Бүгінгідей жаһандық бәсекеде жұтылмаудың жолы – IT-білім мен қаржылық сауаттылықты қалыптастыру және ұлтжандылықты дамыту». Бұл ретте «жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» дейтін тәрбиелі тәмсілге салып сөйлегенде, бізге Жапон елі жақсы мысал болады. Олар жалықпай жүріп, аз уақытта Азияның ғана емес, әлемнің алпауытына айналды. Қазақстан да осы бағытта қарекет қылып, үздік отыз елмен үзеңгілес болмақ ниетте. Мәселен, «ЭКСПО-2017» көрме кешенінің орнында көңілге қонымды көп іс жасалып жатыр. Жақын күндерде IT-стартаптар технопаркі ашылады, «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылады. Бұлар – экономиканы еселеудің ең тиімді тәсілдері. Жалпы экономикада еншісін көбейтіп келе жатқан салалардың бірі – көлік өндірісі. Автомобиль шығарудың жыл сайынғы өсімі қарқынды. Оған мына ғаламдық статистика дәлел болады. 1997 жылы 54 миллион темір тұлпар жасалса, 2014-те бұл сан екі есеге шарықтаған. Мұнда негізінен Қытай, Жапония, Еуропа елдері алда тұр. Бұлармен қатарлас болу – біз үшін әлі үлкен арман. Бірақ көлік өндірісіне көрік беруде талпыныс жоқ емес, бар. Кеше ғана шетелдің автомобильдерін шертіп мінсек, бүгінде Қостанайда құрастырылатын темір тұлпарларды тізгіндеу мүмкіндігі туды. Тіпті қазір бұл өңірде электромобильдер құрастыру ісі де қолға алынған. Олар экологиялық жағынан да, қаржыны үнемдеу тұрғысынан да тиімді. Мәселен, электромобильдің 100 километр жолды жүріп өту құны – 200-ақ теңге. Қалтаңызды қақпайды. Жалпы өңірдің бұдан да басқа салаларда жаңалығы мен жетістігі жетіп артылады. Елбасының Қостанайға бұл сапары әдеттегіден өзгерек. Алдымен жер еміп отырған диқандармен кездесетін Нұрсұлтан Назарбаев бұл жолы бірінші кезекте халықты баспанамен қамту жайын бағамдады. Әуежайдан түскен бойда су жаңа тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Бұл мөлтек ауданда 3 жыл ішінде мыңға жуық пәтер пайдалануға берілді. Қазір тағы 12 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Ол – «Нұрлы жер» бағдарламасының жемісі.