Азаматтық алу машақаты

06.05.2014
Өлімшідей етіп сабалған Қытайдағы қазақ отбасының бас қайғысы Алматыда өткен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы ұйымдастырған жиын үстінде талқыланды. 3-4 күннен бері қазақ сайттары жарыса жазып жатқан жағдайдың жаңғырығы Мамашев мырзаға енді ғана жеткенге ұқсайды. "Анықтаймыз, шара қолданамыз" дегеннен асып, артық ақпар айта алмаған қауымдастық басшысы, соққыға жығылған қандастардың жайын айтқан біздің арнаның ақпаратын - дүрлікпеге балап отыр. Жалғыз арна ғана емес, жұмылып есті қазақ байбалам салуы тиіс жайдайға шенділер неге немқұрайлы қарап отырғандығын тілшіміз Жанар Жолтаева анықтап көрген еді. Жайылымдарын қорғамақ болып, күре жол төсеп жатқан жұмысшыларға қарсы шыққан қазақ отбасы Үрімжі қаласындағы ауханалардың бірінде ауыр халде жатыр. Қиырдағы қазақ қандастарымыздың айтуларынша, күрек-кетпен көтерген, жүзден астам қара қытай жабылып, қазақтарды сол арада өлімшідей етіп сабаған. Қала берді «бізге тізе бүгіп, бас ұр, әйтпесе өлтіреміз, іздеушің жоқ, мал құсатып құнын төлеп құтыламыз» деп қорқытқан. Неше күннен бері қазақ сайттары жарыса жазып жатқан бұл сорақы жайт Талғат Мамашев мырзаға енді ғана жеткенге ұқсайды. Мәселенің мән-жайы анықталмай жатып, артық даурықпаңдар деп ақыл үйреткен қауымдастық жетекшісі біз таратқан хабарды дүрлікпеге балады. -Ең алды біліп алу керек. Қайдан болды? Неден болды? Не нәрсе? Біздің сол жақта елшілігіміз бар, адамдар бар. Мәліметін нақты біліп, соған қарай шара тиісті қолданылады. Қолданыссыз қалмайды. Ал байбалам салып, жөні жоқ «31 арна» қайта-қайта бұны дүрліктіре беруді қою керек. Жалпы құзіретті органдар тарапынан оралмандарға деген селқос көзқарастың үйреншікті жағдайға айналғаны жиында көп сөз болды. Екі арада саны бітпес құжат жиып, сандалған ағайынның азаматтық алып, тұрақты қоныстануын оңтайландыру үшін өткен жылы атүсті қабылданып кеткен заңға толықтырулар мен түзетулер енгізіледі -деп сендірді шенділер. Айтуларынша, бұдан бұлай ықтияр хатқа қол жеткізген қандастар 5 күннің ішінде оралман мәртебесін алуға, 1 жылдың ішінде еліміздің азаматы атануға мүмкіндік алады. -Оралман мәртебесі 1 жылға дейін сақталады, біздің ойымызша ол жеткілікті уақыт. Азаматтық ала ма, алмай ма адам шешім қабылдауы керек. 1 жылдың ішінде азаматтық алса бәрімізге теңдесіп кете береді. Ал енді 1 жылдың ішінде өтініш бермесе, азаматтық алмайтын болса, онда басқа ұлтты шетелдік азаматтармен құқығы бірдей болады.

Похожие видео

Показать еще