Шалқарлық "чики-чики" шенеунікке тәртіптік жаза берілді
Ақтөбені барша Қазақстанға танытқан Шалқар ауданының шенеунігі бүгін әдепсіз сөзі үшін Тәртіптік кеңестің алдында жауап берді. Ол "чики-чики" деп жолдың жайын түсіндіріп, аңдамай сөйлегені үшін Ар-намыс Кодексінің талаптарын бұзған. Алдымен жұмыстан босату мәселесі қаралып, кейін қызметіне сай емес деген шешім шығарылды. Енді шенеунік 6 айда тағы бір рет Тәртіптің кеңеске келіп, ісі қаралса, жайлы креслосынан айырылады. Сонымен қатар бүгін Тәртіптік кеңеске Шалқар ауданының Айшуақ және Жаңақоныс селолық округтерінің әкімдері келді. Олар Мемлекеттік сату-сатып алу заңдарын дұрыс орындамаған. Тендердің әр тиыны есептеулі болса да, әкімдер әлі де құжатсыз ақша аударып, кері қайтаруды әдетке айналдырған. Жаңақоныстың әкімі санитарлық талаптарды орындаймын деп балабақшаға қол жуатын орын, дәретхананы ғимарат ішінен салмақ болады. Бірақ, құралдары орнында тұрғанымен, оның құбыры мүлде жоқ. Сондықтан 29 мың теңге шығын үшін ендігі шешімді аудан әкімі шығарады. Ал Айшуақ селолық округінің әкімі Еркін Адмановты қызметінен босату туралы ұсыныс қабылданды.