Түнгі такси - Жүрсін Ерман®️
Жүрсін Ерман Түнгі такси Жексенбі. Түнгі он екі кезі. Сәл тінте қарап мені екі көзі Таксидің ішінде бір ару отыр Бөлек жамалы, Бөлек мінезі. ******************************* – Атың кім? – деп ем, – Лариса, – деді, Бетімді шарпып жалынша лебі. Тұңғиық жанар тереңге қарай Батыра берді ағынша мені. ***************************** Түріктің қызы – туған ай дерсің, Жүрегің болса – туламай көрсін. Қап-қара шашты, Аппақ иықты Жолыққан ақын жырламай көрсін! ******************************* Ұмытар лезде азабыңды ішкі Сұлулық, сенің ғажабың күшті. Аққу мойынға жараса қалған Тарыдай меңге назарым түсті. ******************************** Бұрқанса сезім кімді бұзбайды, Жұтамыз ба екен енді біз қайғы: Түнгі сұлуға тебіреніп айттым Хафиздың жырын меңді қыз жайлы: ********************************* «Мейірбанды түркі аруы Сүйсе мендей бейшараны – Бір меңі үшін қияр едім Самарқан мен Бұқараны». ******************************* Білетін жырым осы бар менің, Дәулетім болса тосылар ма едім, Хафиз сыйлаған екі шаһарға Алматыны да қосып ал дедім. ***************************** Еліккен ұлдың кесір мінезін Көрікті қалам, кешіргін өзің! Қолымда болса қиятын едім Ертіс пен Сырды, Есілдің өзін! ****************************** Алмаймын! – деді – сыйларың қымбат, Одан да Хафиз жырларын тыңдат. Жомарт ақынның дидарын көріп, Дауысын естіп тұрғаным қымбат. ********************************* Кезімде жырды кенет аңсаған – Өзім-ақ әлі телефон соғам. Әзірге хош бол, атымтай ақын, Тыныққан бүгін жөн екен саған. ********************************** – Атың кім? – деп ем, – Лариса, – деді, Бетімді шарпып жалынша лебі. Елеңдеп әлі күтумен жүрмін Телефон шалар деп сағынса мені. ********************************* Түседі жиі есіме тегі, Тағдырым қандай шешім етеді. Хафиздың жырын іздеген шақта Звондай салса несі кетеді... #қараөлең #поэзия
Похожие видео
Показать еще