М.Мұхаммедқызы "Әлем бесік жырлары" атты күйтабағының тұсауын кесті
Бүгін еліміздің еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхаммедқызы "Әлем бесік жырлары" атты күйтабағының тұсауын кесті. Әнші бесік жырларының жиынтығын тұңғышына арнап шығарған екен. Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары сәбиін әнмен жұбатып, әнмен оятқан қазақ бесік жырынан қол үзіп қалған. Жаңадан ата-ана атанған жастардың баласын қандай сазбен тәрбиелейтінін тілшіміз Жанар Жолтаева біліп қайтқан еді. 7 айлық баласын бесікке бөлеп, жырмен жұбатып отырған Торғын Ұлдаханова бір шаңырақтың ынтымағын ұйытқан үлгілі келін. Бір қолымен бесік, екінші қолымен әлем тербетіп отырған ақ жаулықты ана өнегелі сөздермен өрнектелген бесік жырының баласына берері мол екендігін жақсы түсінеді. Ал мынау белгілі әнші Майра Мұхамедқызының орындауындағы бесік жырының бір үлгісі. Әлемдік музыка классиктерінің ең үздік бесік жырларын жинақтап, бір таспаға біріктірген опера жұлдызы бүгін күйтабағының тұсауын кесті. 11 жырдан құралған топтамаға 8 шетелдік және 3 қазақ авторларының бесік жырлары енген екен. Оның ішінде Майраның өз анасы Камал апайдың да балаларына арнап айтқан бесік жыры бар. Жуырда ғана ана атанған әншінің тұңғышы Аида ақпан айында екіге толады екен. Аталмыш күйтабақ қызыма арналған аналық махаббатымның бір ұшқыны -дейді ол. МАЙРА МҰХАММЕДҚЫЗЫ, әнші: Қазақ қара домалақ балаларымыздың барлығы Моцартты, Шуберт классикалық әлемдік, өзінің анасының лебізінен шыққан бесік жырларын сәбилеріне арнаса екен. Уызданады ғой бала емшек емген сияқты, сол сияқты музыкамен әуенменен өмірінің жолын әнмен бастаса деп. Десе де, балаға рухани азық беріп, дәстүр дәнін жүрегіне себетін бесік жырына қазіргі жастардың көзқарасы селқос. Алматы қаласындағы «Нұр-Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Кенжехан Матыжанов дәл осы "Бесік жырлары" тақырыбында кандидаттық жұмыс қорғаған екен. Филология ғылымдарының докторы Бесік жыры - ұлттық тәрбиенің бастау бұлағы деп отыр. 1912 жылы бірінше рет қазақ бесік жырларының 12 нұсқасын жинап, Әбубәкір Дибаев "Сана" журналына бастырып шығарған болатын. Содан бері қазақ әдебиетіндегі бесік жырларының үлгілері толық жиналған жоқ -дейді ол.