«Сағындым сені...». Ақын Оразалы Досбосыновты еске алу кеші.

09.06.2019
Оразалы Досбосынов 1975 жылы 15 қара­шада Алматы облысы Райымбек ау­даны (бұрынғы Нарынқол ауданы) Тегістік ауылында туған. Мектебін тәмам­даған соң, ауылдық Мәдениет үйінде жұмыс істеген. Оқушы кезінен айтыстар мен түрлі мәдени шараларға қатысып жүрген ол айрықша талантымен ерте көзге түсті. Кейін Алматыға келіп, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универ­ситетінің филология факультетінде оқыды. Үлкен өнер ордасында жүріп, Оразалы рес­пуб­ликалық айтыстарға қатысып, айтыс­сүйер қауымның жоғары бағасын алды. Біраз жыл Қазақ ұлттық универ­ситетінде мәдени-ағартушылық саласында еңбек ете жүріп, бірқатар ізбасар шәкірт­терін тәрбиеледі. Ол негізінен еркін шы­ғар­машылықпен айналысқан. Ешқан­дай ресми атақсыз-ақ аз уақыт ішінде ол халықтың ақынына айналды. Ірі айтыстарда талай рет топ жарған Оразалы көршілес Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінде өткен додаларда да орақ тілімен кесімді сөз айтып, қазақтың атын асқақтатты. Марқұмның денесі Алматы маңындағы Тұздыбастау қорымында жер­ленген. Оразалыдай ақынға жар болған, қазіргі қазақ эстрадасының жұлдызына айнала бастаған әнші Ажар Түзелбекқызы Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданындағы Тасты ауылында туған. Ауыл мектебін тәмамдаған соң, ол Алматыға келіп, Т.Жүр­генов атындағы Қазақ ұлттық өнер ака­демиясында оқыды. Ол аяулы жары Ора­залы өмірден озғаннан кейін ақын мұрасын жинақтап, жоқтаушысы бола біл­ді. «Анаға хат», «Сағындым сені» атты әндер арқылы есімі халыққа кең тараған әншіге топырақ туған ауылынан бұйырды. Бүгінде Оразалы мен Ажардың перзенттері – Нұрайша мен Нұрсұлтан Шымкент қала­сындағы Ө.Жол­дас­беков атындағы кол­ледж-лицейде білім алуда. Өмірден ерте кеткен қос талантқа арналған кеште өнер жұлдыздары – «Қо­ңыр» тобы, «Жігіттер» тобы, Саят Медеуов, Ақбота Керімбекова, Жанболат-Жазира, Роза Әлқожа, Еркін Нұржанов, Алма Аманжолова, сондай-ақ айтыс ақын­дары – Ақмарал Ілеубаева, Айнұр Тұр­сынбаева, Қайнар Алакөзов, Болатбек Оразбаев және Нұрсұлтан, Нұрайша Дос­босыновтар қатысады. Кеш билеттерін Студенттер сарайы, Балуан Шолақ атын­дағы спорт кешені және «Заңғар» сауда орталығының кассаларынан сатып алуға болады.

Похожие видео