Бесік HD

31.10.2018
Режиссер: @alisher_gumar Операторлар: @alisher_gumar @erkebulan.gapuov93 @eg_zombie Монтаж: @eg_zombie Текст: @nurlybek_rakhman Бесік – қазақ үшін аса қастерлі, қасиетті мүлік. Көшпелі ғұмыр кешкен бабаларымыздан қалған мұра. Көшпелілер ат не түйеге мінгенде бесікті алдына өңгеріп алып жүре береді. Жол қанша ұзақ болса да бала қиналмайды, ұйқысы бұзылмайды. Жауын-шашыннан қорғап, тазалығын сақтайды. Қазақ бесікті қарағай, қайыңнан, көбіне талдан иіп жасайды. Мұндай бесік жеңіл, ықшам әрі берік болады. Бесік арқалық, бөген, жақтау, шабақ, сабау, жорға (табан), тақтай деген бөліктерден құралып, шүмек және түбек қойылады. Бесіктің көрпе-жастық, кепіл, жөргек, тартпа бау, қолбау, тізебау, жабу сияқты жабдықтары бар. Бесіктің сәбиге пайдасы зор. Біріншіден – бөлеулі жатқан сәбидің ұйқысы тыныш болады. Ұйқысы қанған баланың зердесі толық жетіледі. Екіншіден – бесікте жатқан бала аз жылайды, сондықтан мінезі сабырлы болып қалыптасады. Үшіншіден – бесік белгілі бір ритммен ғана тербетіледі. Баланың жүйкесі бір жүйе, тәртіпке түседі. Төртіншіден – сәбидің тазалыққа бойы үйренеді. Арнайы қойылатын түбек пен шүмек баланың дәретін жаймай, таза және ұзақ ұйықтауына септігін тигізеді. Бесіншіден – бесік сәбиді сырттан келетін жағымсыз энергия немесе тiл-көзден сақтайды. Алтыншыдан – ыстық-суықтан, шаң-тозаңнан, улы жәндіктерден қорғайтын қорғанысы. Жетіншіден – бесіктегі балаға ана әлдиін, бесік жырын тыңдап, ұлттық қасиет дариды. Сәбидің кіндігі түскен соң бесікке салу рәсімі жасалады. Бесікке салу жолы өнегелі әжелерге тапсырылады. Алдымен бесік жақсылап жабдықталып, отпен аласталады. Бесіктің түбек салынатын тесігінен балаларға тәтті үлестіріп «тыштырма» жасалады. Бесікке бөлеген соң үстіне баланы әруақтар қорғап жүрсін деп ата-бабадан қалған сырт киім, ел тізгінін ұстар азамат болсын деп аттың тізгінін, айбынды болсын деп қамшы қояды. Қыз болса, сұлу болсын деп айна, тарақ жастайды. Бесік той – нәрестені алғаш бесікке бөлеуге байланысты жасалатын ғұрыптық салтанат. Бесіктің жасауын баланың нағашылары дайындайды. Бесік тойда мал сойылып, бата беріледі. Қазақта бесікке қатысты ырым-тыйымдар, мақал-мәтел, шешендік сөздер мен аңыздар мол. Бесік жыры – төл тарихты, дәстүрлі мәдениетті, ежелгі наным-сенім, дүниетаным көрінісі.

Похожие видео

Показать еще