Облыстың үздік бастауыш сынып мұғалімі анықталды
"Үздік бастауыш класс мұғалімі-2014". Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығында осындай атаумен облыстық байқау өтті. Бастауыш класс мұғалімдеріне арналған сайыста қала мен аудандардан келген 13 педагог бақ сынады. Байқауға 30-ға жуық мұғалім қатысуға ниет білдірген. Қазылар алқасы ұсынылған жұмыстарды іріктеп, финалға 13 үздік ұстазды таңдады. Қорытынды кезеңде мұғалімдер өз қызметтерімен таныстырып, шеберлік сабақтарын көрсетті. Талап бойынша үздік ұстаз заманауи технологияларды меңгерген, жан-жақты болуы тиіс. «Үздік бастауыш класс мұғалімі-2014» байқауының ақтық мәресіне жеткен озықтар қатарында Ләйлә Көптенова да бар. №2 Бадамша орта мектебінде бастауыш класс мұғалімі. Ләйләнің ұстаздық еткеніне биыл 17 жыл. Ең білікті, ең шығармашыл, ең өнерлі ұстаз. Бұл биылғы «Үздік бастауыш класс мұғалімі» байқауына қатысушыларға қойылған талап. Осы сыннан сүрінбей өткен мұғалімдерге мақтау қағаздары табысталды. Биыл "Үздік бастауыш класс мұғалімі" атағын Шалқар қаласындағы №4-орта мектеп ұстазы Ғалия Сарина жеңіп алды. Ал 2-орынды Қандыағаш орта мектебінің мұғалімі Ақтоты Бисембаева алса, 3-орын Алға ауданы, Тоқмансай орта мектебінің ұстазы Данара Ескелдіге бұйырды. №2 Бадамша орта мектебінің тәжірибелі мұғалімі Ләйлә Көптенова "Ең үздік шығармашыл мұғалім" атанды.
Похожие видео
Показать еще