Есет батырдың 355 жылдығына арналған айтыс жеңімпазы анықталды HD
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Есет батыр Көкіұлының 355 жылдығына арналған шаралар аясында Ақтөбеде өткен республикалық айтыста Абай облысынан келген ақын Рүстем Қайыртай бас жүлдеге ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Атасының есімін асқақтатқан, Арда жұрты, армысың, Ақтөбенің!» (Серік Қуанған) – деп, еліміздің әр өңірінен келген ақындардың айтысын жұртшылық екі күн бойы тамашалады. Айтысқа барлығы 16 ақын қатысты. Солардың арасынан екінші кезеңге 8 ақын шығып, төрт жұп болып: Серік Қуанған (ШҚО) мен Рауан Қайдаров (Павлодар облысы), Қазырет Бердіхан (Алматы қаласы) мен Біржан Байтуов (Шымкент қаласы), Рүстем Қайыртай (Абай облысы) мен Шұғайып Сезімхан (Алматы қаласы) және Жұлдыз Қожабекова (Ақтөбе облысы) мен Шалқарбай Ізбасаров (Атырау облысы) айтысты. Бас жүлде Рүстем Қайыртайға бұйырды. Оған 1,5 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйақы сертификаты тапсырылды. Сондай-ақ Біржан Байтуов, Рауан Қайдаров, Жұлдыз Қожабекова, Шұғайып Сезімхан, Қазырет Бердіхан, Шалқарбай Ізбасаров сынды ақындар да жүлдеге ие болды. Еске салайық, Ақтөбеде Есет Көкіұлының 355 жылдығына арналған «Еркіндік қыраны, шарықта» атты республикалық ақындар айтысы өтіп жатқанын хабарлаған болатынбыз.