Сайлау науқаны қыза түскендей: президенттікке кандидаттар саны 12-ге жетті HD
Бүгін, сағат 18:00-де Қазақстан Президенттігіне кандидаттарды ұсыну мерзімі аяқталды. Бірақ тіркеудің соңғы күнінде науқан тіпті қыза түскендей көрінді. Себебі түрлі қоғамдық бірлестіктер өз кандидаттарын ұсынып жатты. Ал орталық сайлау комиссиясына «Тәжірибелік психология» ұйымы атынан Фатима Бизакова ең соңғы болып құжаттарын тапсырып отыр. Кезектен тыс сайлауға үміткерін ұсынудан «Қазақстандық Футбол Әуескерлері Лигасы» да қалыс қалмады. Қоғамдық бірлестік Бақыт Жаңабаевтың кандидатурасын қосуға бел буыпты. Соңғы болып құжат өткізгендердің қатарында Хайролла Ғабжалилов те бар. Ол науқанға «Оралмандардың «Асар» бірлестігі» ұсынған үміткер есебінде қатысуы мүмкін. Әрі түс ауа еліміздегі ең жоғарғы лауазымның тізгінін ұстауға ниетті тағы бір әйел кандидат ретінде тіркелді. «Қазақ аналары - дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі алдағы науқанда Салтанат Тұрсынбекованы қолдамақ. Тіпті үміткер ешқандай қиындықсыз қажетті қолды жинаймын деп отыр. Сонымен, Қазақстан Президенттігіне бірлестіктер мен саяси ұйымдар ұсынған кандидаттар саны 12-ге жетіп отыр. Бірақ әзірге нақты қанша үміткердің саяси додаға қатысатыны белгісіз. Себебі кейбір кандидаттардың талапқа сай, сай еместігі әлі тексеріліп жатыр. Енді үміткерлер тізіміне тоқтала кетсек. Халықтық коалиция атынан қазіргі мемлекет басшысы - Қасым-Жомарт Тоқаев. «Ауыл» партиясынан Жигули Дайрабаев. Жалпыұлттық социал-демократтар Нұрлан Әуесбаевты қолдап отыр. «Аманат» кәсіподақтар достастығы Мейрам Қажыкенді ұсынды. Құрылысшылар одағы Талғат Ерғалиевтің президент болғанын қалайды. "Мұқалмас" бірлестігі Нұржан Әлтаевті, «Халық демографиясы» ұйымы Жұматай Әлиевті, «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» Қарақат Әбденді жоғары лауазымнан көруге ниетті. Айта кетейік, Президенттікке кандидаттардың әрқайсысы 118 000 қол жинауы керек. Үміткерлер үшін сайлау жарнасы 3 миллион теңгені құрайды. Ал 2019 жылғы сайлауда жинаған дауысы бойныша екінші орында болған Әміржан Қосанов бұл саяси науқанға қатысудан бас тартты. Бізді әлеуметтік желіде оқыңыздар: Youtube -https://www.youtube.com/channel/UCKJIfb3BN2x14J4U30wzLeA/featured?sub_confirmation=1 Facebook - https://www.facebook.com/informburo31/ Instagram - https://instagram.com/informburo31 Vkontakte - https://vk.com/informburo31 TikTok - www.tiktok.com/@informburo31 WhatsApp Информбюро +7 777 331 31 31