Жезқазғандық іскер жігіттер төрт түлік санын көбейтпек HD
Жезқазған аумағында мал шаруашылығы жақсы дамып келеді. Соңғы 2-3 жылда жер алып, төрт түлікті көбейткісі келетін талапты жігіттердің қатары анағұрлым артқан. Тек осы жылдың алғашқы тоқсанында өңірдегі шаруа қожалықтары 226 миллион теңгенің өнімін өндіріпті. Жергілікті кәсіпкер Марат Бекмағанбетов өткен жылы ғана қала іргесінен жер алып, шаруа қожалығын құрған. Қазір шаруашылығын түрлі бағытта түрлендіріп жатыр. «Құлан» бағдарламасымен 140 жылқы сатып алып, жыл он екі ай қымыз ашыту ісін қолға алды. Қазір желіде 18 бие байлаулы, уыз қымызға тапсырыс үлкен. Бейсенгүл Рахымова, шаруа қожалық жұмысшысы -Әзірше 45-50 литр сүтіміз бар. Күнделікті клиенттерімізге жеткілікті. Енді бие қосылған сайын көбейтіп, халыққа қымызымызды береміз. Шаруа қожалығы емдік қасиеті мол ешкі сүтін де саудаға шығарған. Құрт пен ірімшікті де жасайды. Жақында қыстау маңындағы тоғанға балық жіберемін деп отыр. Ал алдағы жылы ет пен сүн өндіріс жолға қойсам деген жоспары бар. Марат Бекмағанбетов, шаруа қожалық жетекшісі -Тек қана малды бағып, өсіру емес, ары қарай оны өңдеу мәселесін ойладық. Қазіргі таңда Жезқазған қаласында мал бордақылау мекемесін салып жатырмыз. Одан кейін Алла қалап оны бітіріп жатсақ әрі қарай өндіруді ойластырамыз. Келесі кейіпкеріміз Талғат Бердинов те 4 жыл бұрын шаруасын бастаған. «Сыбаға» бағдарламасымен 35 миллион теңге жеңілдетілген несие алып, 200-ге жуық ірі қара сатып алыпты. Келешекте мал шаруашылығымен қоса бау-бақшаға көкөніс өсіруді де көздеп отыр. Ол үшін құдық қаздырған. Талғат Бердинов, шаруа қожалық жетекшісі -Біз жақта айналысатын балалар көп. Жер де алып отырған балалар бар. Бірақ судың жағдайы қиын болып тұр. Сол үшін скважинаны буритетіп, соған субсидия беріп отырса, өте жақсы көмек болады бізге. Айтып отырмын ғой, су негізі бар. Сол су болған соң көкөніс салайық деп отырмыз. Жезқазғандағы ауылшаруашылығы бөлімінің мәліметінше, соңғы үш жылда өңірдегі шаруа қожалықтарының саны 10 пайызға өскен. Ал төрт түліктің саны 34 мыңға жуықтапты. Олар осы жылдың үш айында 170 тонна ет өткізіпті. Малды асылдандыруға да 22 шаруа қожалығы бет бұрған. Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Әсет Асайынов
Похожие видео
Показать еще