Алматы трагедиясының құрбаны болған азаматтың жақындары марқұмның мәйітін күзетіп жүр HD

26.01.2022
Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан Аңсар Исламның зиратын жақындары 2 сағаттан кезектесіп күзетіп жүр. Өйткені, Шымкент қаласының полиция департаменті сараптама жасау үшін марқұмның мәйітін қайта қазып аламыз деген хабарлама жіберіпті. Мұны көрген Аңсардың ет жақындарының төбелерінен жай түсендей болған. Жас жігіттің оққа ұшқанын растайтын сот-медициналық сараптама қорытындысы бола тұра, полицейлердің сүйекті қайта қазамыз дегені күмәнді дейді. Қабірді ашқан соң марқұмды террорист қатарына қосып, мүрдені кері бермей қояды ма деп күдіктенеді. Сондықтан, құзырлылардан қору үшін, күндіз-түні бейіт басына кезекшілік қойыпты. Еңірегенде етегі жасқа толған Аңсардың нағашы әжесі мен атасы да қара суыққа қарамастан зират басында жүр. Қариялар жақында ғана арулап, жер қойнына тапсырған немересіне полицейлер тыныштық берсе дейді. Айтуларынша, Аңсар 5-ші қаңтарда Алматыдағы бүлік кезінде қаза тапқан. Ал жетінші қаңтарда жақындары оның мүрдесін жер қойнына тапсырыпты. Қолдарында Аңсардың оққа ұшқанын дәлелдейтін сот-медициналық сараптаманың қорытындысы да бар. Соған қарамастан, арада бір апта өткен соң полицейлер марқұмның мүрдесін "қайта қазамыз" деген ескертпе қағаз жіберді дейді. Осыдан кейін туған-туыс жиналып, зират басын торуылдап жүр. ЖАРЫЛҚАСЫН ЖАНДАРБЕКОВ, Марқұмның нағашы атасы: – Иә, күндіз түні осында қарауылдаймыз. Сменнен тұрып жатырмыз бала-шағамызбен. Бұл хабар бәрінен бұрын Аңсардың анасы Жазираға ауыр тиген. Жүрегі қан жылаған ана, баласының қапияда қаза тапқанын айтады. Сөзінше, Аңсар әскери қызметкер болуды армандаған. Тіпті жұмысқа тиісті құжаттарын да тапсырып қойған. Бірақ оған дейін таксист болып істей тұруды ұйғарыпты. Сол қаралы күні көшеге көлігінің майын ауыстыруға шыққан екен. Бірақ, көшедегі адамдар легінен қозғала алмай, көлігін жақын маңдағы үйлердің ауласына әзер кіргізіпті. Ал өзі жол жиегіне шыққан бойда оққа ұшқан, дейді анасы. Сондықтан, өз жөнімен кетіп бара жатып қаза тапқан ұлының мүрдесін қорлатпаймын деп отыр. ЖАЗИРА ЖАНДАРБЕКОВА, Марқұмның анасы: – Моргтен берген сараптама бар енді. Осы сараптамаға қарамастан, қаулы шығарып, жаңағы мүрдені қазып алуға қайтадан сараптама шығарамыз деген. Ал мен қарсымын. Мүрдені қаздырмаймын. Өліп кетсем де қаздырмаймын. Үйдің ортаншысы болған Аңсар осыдан екі ай бұрын шаңырақ құрған. Алайда, дәм-тұзы тым ерте таусылды. Ал Шымкент қалалық полиция департаменті марқұмның мүрдесін не себепті қаздыру керек деген шешім шығарғандары туралы әзірге ақпарат берген жоқ. Ал, тергеушісінің қаулысында марқұмның денесін ағасы сараптама жүргізілместен алып кеткені көрсетіліпті. Және құзырлы органдағылар мәйітхана тек қайтыс болғаны жайлы анықтама бергендігін алға тартқан. Сондықтан мәйітті қазып алуға қаулы шығарған. Ал ресми орган марқұмның ет жақындарына бұл қылмыстық іс аясындағы тергеу амалы, сондықтан туыстарының келісімі қажет емес деп түсіндіріпті. Бізді әлеуметтік желіде оқыңыздар: Youtube -https://www.youtube.com/channel/UCKJIfb3BN2x14J4U30wzLeA/featured?sub_confirmati

Похожие видео

Показать еще