16 НАУРЫЗ - ШЕЖІРЕ КҮНІ HD
16 наурыз - Шежіре күні. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында Наурыз мейрамының тұжырымдамасын жаңаша әзірлеп, көктем мерекесінің мазмұнын байытуды тапсырды. Наурыз мейрамының негізгі мақсаты - Қазақ жерінде бейбітшілік пен достықты нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыру», - делінген. Осыған орай, биылдан бастап, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде Наурыз мерекесінің жаңа он күндік мерекелеу жоспар-бағдарламасы бекітіліп, 14-23 наурыз аралығында онлайн түрде аталып өтуде. Нұрлан САҒЫНДЫҚ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты: Қазақ халқының ауыз әдебиетінде және жазбаша тарихында кездесетін «Шежіре» маңызды орын алады. Шежіре - арабтың «шаджара», яғни «ағаш», «бұтақ» деген сөзінен туындап, кең ұғымға ие болған. Сол себептен болса керек, қазақ халқы адамды ағашқа теңеген. Адам сол ағаштың өткені мен болашағын байланыстырып тұратын діңі болып табылады. Ал ағаштың тамыры оның жады, өйткені ол сонау бағзы замандарға, көне ғасырларға созылып, өткенінен хабар береді. Ағаштың ұшар басы болса, болашаққа қарай ұмтылған мәңгіліктің жолы. Сондықтан да өз тегінің жадын біліп ардақтаған адам, сөз жоқ, мықты, ал болашағын бағамдаған адам тіпті мәңгі. Міне, Шежіре ежелгі ру-тайпалардың, ұлыстардың, бүтін бір халықтардың шығу тегін, олардың өсіп-өрбу, даму жолын баяндайтын тарих гылымының бір тармағы болып табылатыны баршамызға белгілі. Шежіре сондай-ақ, қазақ халқының да шығу тегін, таралу төркінін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген аса құнды жәдігеріміздің бірі. Десек-дағы қазақ халқының әдебиетінде, жалпы мәдениетінде ерекше орын алған рухани мұрамыз да сол шежіре болып табылады. Тегінде, шежірелік шығармаларды мазмұнына қарай екі топқа бөліп қарастырғанымыз жөн. Бірі - тарихи оқиғаларды немесе деректерді хронологиялық тәртіппен жеткізетін ресми шежірелер, ал екіншісі - тарихта болған жеке тұлғалардың, қайраткерлерлің өмір жолын немесе тұтас бір ру, тайпа, халықтардың шығу төркінін, даму кезеңдерін шеберлікпен бейнелеп беретін көркем шежірелер. Осы аталған шежірелік шығармалардың екі түрі де сан ғасырлар бойы атадан балаға ауызша да, жазбаша да жалғасып, ойшыл бабаларымыз бен ақын-жырау аталарымыздың арқасында бүгінгі күнге дейін жетіп отыр. Сондықтан да, бабаларымыздың тарихына тікелей қатысы бар шежірелік кітаптар кезінде көркем шығарма ретінде түркі халықтарының барлығына дерлік тараған. Шежірелердің ішіндегі ең ескісі, сонау ежелгі замандардан бүгінгі заманға дейін жеткені «Оғыз-наме» дастаны екенін айтуымыз керек. Бұл дастан түркі халықтарының шығу тегі мен таралу төркінін баяндап қана қоймай, толығымен суреттеп беретін көркем шығарма. Міне, осы тектес шежірелердің көпшілігін қазақ ақын -жыраулары көркем шығарма ретінде ел арасына ауызша да, жазбаша да кең түрде таратып келген. #ШежіреКүні #AlFarabiUniversity #TRCKazNU