А.Құбайдулиннің құпия өлімімен Атырау облысының арнайы прокуратурасы айналысатын болады
Исатай аудандық Ішкі Істер бөлімінің бастығы Алтынбек Құбайдулиннің құпия өлімімен Атырау облысының арнайы прокуратурасы айналысатын болады. Браконьерлерді қамқорлығына алғаны үшін 250 мың теңге мен 3 келі уылдырық алып жатқан жерінен ұсталған майор өліміне қатысты екі қылмыстық іс қозғалды. Енді іс заңсыз ұстау және өз-өзіне қол жұмсау жағдайына жеткізу баптары бойынша қаралатын болады. Бүгін Исатай аудандық Ішкі Істер бөлімінің бастығы Алтынбек Құбайдулиннің денесі жер қойнына табысталды. Әріптестерінің "пара алды" деп айыпталғанына қарамастан, жерлеу рәсіміне Атырау облысы Ішкі Істер департаментінің басшы құрамымен өзге де қызметтестері келді. Заңсыз балық аулаушыларға қамқорлық көрсетемін деп, ақша алмақ болған жерінен ұсталған Құбайдулинның түсініктеме алу кезінде жағдайы нашарлап, ауруханаға жеткізілген болатын. Артынша терезе арқылы қашып шығып, ізін жасырған майордың денесі Атыраудағы салынып жатқан ғимараттардың бірінен табылған еді. Ал полицейдің жақындары, баласының өліміне ұстағандарды кінәлаған болатын.