Еуропа нейрохирургтары отандық мамандармен тәжірибе алмасуда HD

07.07.2015
Астанаға Еуропаның нейрохирургия саласындағы білімі мен білігі сай мықты мамандары келді. Ұлттық нейрохирургия орталығының мамандары Франция, Израиль, Нидерланды, Ирландия секілді елдердің дәрігерлерімен бірлесіп, білім жетілдіру курсын бастады. Кеңесте функционалды нейрохирургия саласындағы операция түрлерінің қыр-сыры айтылды. Отандық оташылар екі жылдан бері мидың қимыл-қозғалыс жасушасын емдеуді қолға ала бастаған. Кеше ғана операция кереуетінен тұрған 57 жастағы Евгений Морылевтың қуанышында шек жоқ. Ол паркинсон ауруының кесірінен 10 жыл бойы төсек тартып жатқан. Сырқаттан мезі болған осындай науқастарға елордадағы ұлттық нейрохирургия орталығы демеу болып келеді. Ем-дом тегін. Мамандар жылына 2600 науқасқа ооперация жасайды. Соңғы жылдары мұнда шетелден 50 адам келіп ем қабылдап, дертіне дауа тапқан. «Бұл қазақ ұлттық нейрохирургиясының алға басқаны», – дейді еуропадан арнайы курсқа келген мамандар. Осыдан 7 жыл бұрын ми ісігі, эпилепсия, паркинсон деген аты жаман ауруларға еліміз ем таппайтын. Науқастар қыруар қаржымен шетелде емделетін. Ал бүгінде қазақ хирургтері Орталық Азияда озық шығып отыр. Серік Ақшолақов, «Ұлттық нейрнохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы -2013 жылы біз 2000 операцияға жақындаттық. 2014 жылы 2600 операция жасаттық. Қазір біздің қарқынымыз сондай. Дүние жүзінде 2000-нан астам операция жасайтын орталықтар өте жоғары болып саналады. Оның барлығы жоспарланған операция. Түркиялық нейрохирург Нежат Акалан палаталарды аралап, түркі тілінде пациенттердің халін сұрады. Махаббат Молдасымова Жамбыл облысының тұрғыны. Дерті діңкелеткен соң осында емделуге келген. Шетелдік маманның айтуынша, бұл әйел көп ұзамай сырқатынан құлан таза айығады. Орталық ми тамырының аневризміне шалдыққан науқасқа ертең операция жасалмақшы. Махаббат Молдасымова, емделуші -Біраз жағдайлар өтті бастан. Оның бәрі артта қалды деп ойлаймын. Әрине жалбарынып сұранып, тіленіп жатырмын, енді оның үстіне осы жердегі дәрігерлерге сенемін, сенімдімін. Иә, науқастың жазылып кететініне отандық дәрігерлер де кәміл сенеді. Өйткені олар дәл осындай 800 сырқаттың дертіне дауа тапқан. Авторлары: Индира Жылқайдарова, Қанат Әбілдин

Похожие видео

Показать еще