Саудагерлер ереуілге шықты
Бүгін Орталық базардың 300-ден астам саудагері ереуілге шықты. Сауда орнының қақ алдына жиналған жұрт Шернияз көшесі мен Т.Ахтанов көшелері аралығындағы жолдың бөлігін жапты. Сатушылар жергілікті билікке өкпелерін осылай білдірді. 500-ге жуық базар саудагері өздерін әкімшілік базардан қуып шығып жатқанын айтып, көшені жаппақ болды. Қала әкімінің келуін талап еткен олар, жағдай шешілмесе теміржолға дейін барып, пойыздардың қозғалысын бөгейтіндерін жеткізді. Осыдан бір күн бұрын базар басшылығы ашық аспан астында сауда жасап отырғандардан орынды босатуды талап еткен. Себеп-базар өрт қауіпсіздігі талаптарына сай емес. Ал сыртта сауда жасайтындар эвакуациялық шығу жолдарын бөгейді. Базар басшысы Еламан Итеғұлов болса, саудагерлердің жұмыссыз қалмайтынын айтып сендірді. Шығыс базарынан орындар қарастырып қойған. Алайда, орталық базарда 30 жылға жуық сауда жасап жүргендер қаланың өзге бөлігіне көшуге қарсы. Айқай-шуды естіген бойда бұл жерге ең алғаш болып жеткендердің бірі-қалалық ішкі саясат бөлімінің мамандары. Олар полицейлермен бірге халықты сабырға шақырмақ болды. Әйтсе де, ашуға мінген саудагерлер билік өкіліне ауыз аштырмады. Кейін оқиға орнына қала әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова да жетті. Алайда ашулы жұрт оны да елеген жоқ. Бұдан кейін оқиға орнына қала басшысы да жетті. Ілияс Испанов саудагерлерден жол қозғалысын бөгемеуін сұрап, қалалық әкімдік ғимаратына сөйлесуге шақырды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бауыржан Сыздықовтың айтуынша, орталық базарда қауіпсіздікке қатысты 30-дан астам олқылық анықталған. Базар басшылығы мұның барлығын саудагерлерге түсіндіруі шарт еді. Қалалық әкімдік ғимаратына 200-ге жуық адам жиналды. Жергілікті билік орталық базар саудагерлерінің жұмыссыз қалмайтынына кепілдік берді. Саудагерлерді 26-маусымға дейін ешкім қозғамайды. Кейін "Шығыс" базарынан орын берілуі мүмкін. Әйтсе де, халықты бұл шешім қанағаттандырмайды. Себебі басқа жерде адам аз, алушы жоқ. Сондықтан олар Орталық базардан оңайлықпен кетпек емес. Сыртта қаз-қатар тұрып сауда жасайтындардың дені- өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар. Бірнеше жылдан бері базардың ішінде, ашық аспан астында ұсақ-түйек заттар сатады. Киім-кешектен бастап тұрмысқа қажетті бұйымдарды саудалайды. Орынды жалға алғандары үшін әрқайсысы ай сайын 30-31 мың теңге төлейді. Сайт телеканала http://www.rikatv.kz/ Twitter https://twitter.com/rika_kz Вконтакте https://vk.com/rikatv