Қазақ халқы Құман Тастанбековты ақтық сапарға шығарып салды HD
Қазақ елі ұлттық кинематографияның төл туындысы «Қыз Жібек» фильміндегі Төлеген рөлімен танылған талантты актер, Қазақстанның Халық әртісі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Құман Тастанбековты ақтық сапарға шығарып салды. Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өткен қаралы жиынға жиналған мемлекет және өнер қайраткерлері біртуар өнер иесінің дара талантын тілге тиек етіп, театрдағы биік шыңдарын еске алды. Құман Тастанбеков дегенде көрерменнің көз алдына айтулы режиссер Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібек» фильміндегі Төлеген бейнелері елестейтіні сөзсіз. Актердің Төлеген рөлін шынайы ойнай білгені соншалық, көрермен оны қазақ ерінің намысқой, өр мінезді, батыр болмысын осы образы арқылы таныды. Құман Тастанбеков, актер: – Институтта оқып жүрген кезімде, яғни 3-курста менің бағыма сол «Қыз Жібек» бұйырған болуы керек. 1968 жылы Оралхан Бөкейдің «Құлыным менің» драмасындағы Жан бейнесінен басталған театрдағы өнер жолы күні кешеге дейін жалғасты. Актердің Шахимарденнің «Томирисінде» Балқаш, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлуында» Омар, Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» Жақыпбек, Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Ескі үймен қоштасуында» Жалғасбек сынды рөлдері көрерменді елітті, егілтті, сендірді. Құман Тастанбеков, актер: – Осы театрда қызмет істегеніме 47 жыл болды. Театр – екінші ұям, екінші шаңырақ, екінші үйім. 47 жыл болса да, осы театрға ойнауға келгенде, жүрегіміз лүпілдейді. Әрқашан сахнаға шыққанда, ортамызда жоқ үлкен азаматтарымыз бен ақсалдарымыз еске түседі. «Бисмиллахи рахмани рахим» деп сахнаға шығамыз. Өнерді жан тәнімен сүйген Құман Тастанбеков өмірінің соңғы сәтіне дейін сахнадан алыстамады. «Соңғы рет «Жүрейік жүрек ауыртпай» драмасындағы қарияның рөлін ерекше ойнаған еді», – дейді өнердегі әріптестері. Алайда оның халқына берері әлі де көп еді. Құман Тастанбеков, актер: – Осы бір фильмдерге тап болсам деп ойлаймын. Қолымнан әлі келеді. Әлі күш бар дегендей. Сахнада да, кинода да әлі ойнауға болады. Әттең... Сұм ажал құс қанат ғұмырдың тағы бір серпілуіне мұрсат бермеді. Бүгін ол өзі көп жыл еңбек сіңірген сахнасымен біржола қоштасты. Есмұқан Обаев, ҚР Халық әртісі, режиссер: – Қазақ өнеріне, қазақ киносына, қазақ театрына сіңірген еңбегі өте зор. Сондай бір романтикалық үмітқой, адал жан еді. Адалдығы, адами қасиеті әр адамға үлгі еді. Болмысынан тың жаратылған таланты мен талабы сай адам еді. Саят Мерекеұлы, ҚР еңбегі сіңген қайраткер: – Ешкімге қиянаты жоқ, кіршіксіз азамат еді. Қазақтың «аузын ашса, жүрегі көрінеді» дейтұғын алдымыздағы аға болатын. Сахнада қайталанбас образдарды сомдап, қазақ өнерінің, мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан актердің бейнесі халық есінде мәңгіге сақталмақ. Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев
Похожие видео
Показать еще