Аягөз қаласында «Тәуелсіздік таңы» ескерткіші ашылды HD

15.12.2016
Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында «Тәуелсіздік таңы» деп аталатын ескерткіш ашылды. Мерекелік жиын өтіп, ерен еңбегімен, қажырлы қайратымен ел дамуына үлес қосқан тұрғындарға мемлекеттік марапаттар табысталды. Тәуелсіздікке арналған еңселі ескерткішті ауданның бір топ қайраткері мұрындық болып, іскер азаматтар өз қаражаттарына тұрғызыпты. «Осылайша ел мен жерге тағзым еткіміз келді», – дейді олар. Жаңа нысан ардагерлер саябағының мәнін одан әрі аша түсетін болды. Советбай Тәнікбаев, еңбек ардагері -Тәуелсіздік бүгінгі таңда біздің халқымыздың еркін жұмыс істеуіне, демалуына мүмкіндік беріп отыр. Біздің Аягөз өңірінде осы Тәуелсіздіктің арқасында көптеген көшелер түзеліп, ауданымыздың орталығында 3 бірдей парк ашылды. Шаһардың тыныс-тіршілігі Тәуелсіздік жылдары түбегейлі өзгерді. Толайым табыстардың барлығы береке мен бірліктің арқасы. Мерекелік жиында білім, медицина, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы сияқты әр түрлі сала өкілдері құрметке бөленді. Гүлнәр Мусина, дәрігер -Медицина саласында 38 жыл жұмыс істеймін, ешқандай марапат күтпейміз, қандай қиын жұмыс болса да. Бірақ еңбегімізді Елбасымыз елеп, ескеріп, бізге осындай марапат беріп жатқанына көп рахмет айтамын. Еліміз өркендеп, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын! Болат Көкенайұлы, тілші -Соңғы 2 жылда ауданға тартылған инвестиция көлемі 192 миллиард теңгені құраған. Индустриалды даму бағдарламасына сәйкес ірі 4 жоба жүзеге асуда. Мұның бәрі жаңадан жұмыс орындарының ашылып, халықтың тұрақтауына себепкер болып отыр. Сол себепті ауданда бірнеше тұрғын үй мен жатақхана салынып жатыр. Авторлары: Болат Көкенайұлы, Анатолий Тернов, Берік Жобалайұлы

Похожие видео

Показать еще