Жағымсыз иіс атыраулықтардың берекесін қашырды HD

28.08.2017
Атырау қаласы тұрғындарын алаңдатқан экологиялық ахуал әлі қалыпқа түскен жоқ. Естеріңізге сала кетейік, ауаға тараған көмірсутегі шикізатының иісі облыс орталығын тұншықтырып тұрғанына аптадан асты. Құзырлы органдар мен табиғат жанашырларынан қайран болмаған соң қоғам белсенділері өз беттерінше қарекет қылуды ұсынып отыр. Тамыз айы туғалы Атырау қаласы тұрғындарынан маза қашты. Облыс орталығы тұрғындарының саулығы нашарлап, бас ауруы белең алды. Көз бен тыныс орындарында қышыма пайда болды. Әсіресе ертеңгісін қолқаны қабатын мұнай өнімдерінің иісі тұрғындарды әбден ығыр қылуда. Юлия Емуранова, Атырау қаласының тұрғыны: – Менде бұрын аллергия мүлде болмаған. Қазір екі көзім қызарып, мұрынға тыным болмай кетті. Тек мен емес, жұмыстағылардың басым көпшілігі осы аурудың тақсыретін тартып келеді. Амалсыз дәріханаларды жағалап жүрміз. Мамандардың нақты тұжырымы болмағанымен, көпшілік адам саулығына кері әсерін тигізіп отырған ауаға таралған зиянды зат деп біледі. Себебі бүгінде қала ортасында орналасқан мұнай өңдеу зауыты жөндеуге тұрып, өндіріс тоқтаған болатын. Сол сәттен бастап тұрғындар арасында аурулар бой көтерді. Оны экология мәселесімен айналысатын жергілікті белсенділер мәселені шешудің мынадай бір жолын ұсынады: Арман Хайруллин, Экологиялық альянс өкілі: – Бұл – қарапайым ғана құрылғы. Бағасы 8 мың еуро шамасында. Егер біз осы газоанализаторды сатып алсақ, онда біз қазір жұтып отырған ауаның құрамын білер едік. Тәуелсіз қала халқының тобын құру ойда бар. Ресми мәліметтерге сүйенсек, облыстағы мұнай-газ секторындағы өндіріс ошақтары жыл сайын ауаға 158 мың тонна өндіріс қалдықтарын таратады. Аймақтағы тағы бір маңызды проблема – ілеспе газдың факелдерде жануы. «Теңізшевройл», NCOC, «Манаш Петролеум», «Ембімұнайгаз» компаниялары өз қажеттіліктерінен артылған ілеспе газды әлі күнге дейін жағып келеді. Олар 2016 жылы жалпы көлемі 189 миллион текше метр ілеспе газ жаққан. Осы мәселеге қатысты экологтар мен табиғат қорғау прокуратурасына хабарласып, бүкіл қала үшін өткір тұрған мәселені қалай шешуге болатынын сұраған едік. Бірақ әзірге ресми жауап алған жоқпыз. Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев

Похожие видео

Показать еще