Атыраулық бағбан лимон өсіруді қолға алды HD
Атыраулықтар 2 жылдан кейін тропикалық жемісті сырттан алмайды. Өз жерінде аумағы 1 гектар болатын лимонария алаңы бар. Жаңалыққа жаны құмар бағбан Владимир Розметов биыл осындай тосын істі қолға алды. Мұнайлы өңірге осы көктемде ғана отырғызылған 2 мың түп лимон көшеті бой ала бастаған. Ташкенттегі тұқымбағынан әкелінген цитрусты жеміс мұнайлы өңір табиғатына жерсініп келеді. «Лимонға аптап ыстық қауіп емес. Тек оларды қыстың аязына үйрету керек», – дейді бағбан. Владимир Розметов, шаруашылық жетекшісі: -Өзбекстанда болдым, Ресейге барып көрдім. Бұл лимондар жылыжайда жақсы өседі. 120 келіге дейін өнім береді. Біз қазір жылу жүйесін жүргіздік. Қысқа қарай жылыжай үстін жабамыз. Лимонға бар-жоғы 5 градус жылылық болса, қыстан жақсы шығады. Толиб Жаборов, агроном: -Алғашқы жылдары 10-15 өскін қалдырып, қалғанын жұлып тастау керек. Сонда ағаш жаңа климатқа тез көндігіп, кейін жақсы өнім беретін болады. Әр көшетті баладай баптайтын бағбандар келер жылы әр түптен 35 дана өнім алуды межелеп отыр. Жоба толық қуатына жеткенде әр ағаштан 150 данаға дейін лимон өседі. Бұл облыс тұрғындарының қажетін толық өтеуге жеткілікті. Арыстанбек Кенже, тілші: -Бұл климаты қиын Атырау облысында жасалған алғашқы тәжірибе емес. Осыдан 10 жыл бұрын Розметов аумағы 150 гектар жерге алма мен жүзім ағаштарын отырғызған еді. Сол кезде сорлы топырақтан өнім алына ма деп күлгендер көп болатын. Дегенмен осы алқаптан жылына 400 тоннадай өнім алынып тұр. Жеміс шаруашылығында алма мен жүзімнен өзге қарақат, өрік, алмұрт пен шабдалы да жақсы өнім беріп тұр. Осылайша, топырағы тұзды, шөл далада жайқалтып бақ өсірген жігерлі азамат енді лимонария ашып, облыс халқына тропикалық жеміс ұсынбақ. Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев