Н.Назарбаев: Соңғы 25 жылда Алматы қаласының экономикасы 100 есеге өсті HD
Бүгін мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласына жұмыс сапарымен барды. Елбасы әуелі шаһарда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жаңадан салынған бірқатар нысанды аралап, олардың жұмысымен танысты. Кейін қала басшылығы күннен күнге көркейіп келе жатқан қала келбеті мен көшелердегі оң өзгерістерді көрсетіп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Наурызбай ауданы. Осыдан 3 жыл бұрын Елбасының жарлығымен бой көтерген Алматы қаласының жаңа бөлігі. Әуелгі жылы бұл аумақтың жолы жырымдалып, жұрттың жүріп-тұруы қиын еді. Сол уақытта осындағы тұрғындар санаулы жылда дәл осы мекеннің өзгеріп сала беретініне сене қоймаған болу керек. Бірақ расымен аудан гүлденді, әлеуметтің өмірі өзгерді. Мұнда қазір бұрынғыдай инфрақұрылым нашар деп шағым айтатын жұрт жоқ. Дені риза. Өйткені халыққа қажетті әкімдік, сот, прокуратура, халыққа қызмет көрсету орталығы, банк, Қазпочта бәрі бір орталықта, ыңғайлы. Оның сыртында, жаңа мектеп және емхана салынған. Президент бірінші әкімдікке келіп, жаңа ауданның жаңалығымен танысты. Биыл қолданысқа берілген қалалық емхана. 500 адамды қарауға қауқарлы орталық, бүгінде науқастарға медициналық көмек көрсетеді. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта мұнда түрлі тың қондырғылар әкелініп, аурудың сан түріне ем жасалады. Қазірдің өзінде емхана жаңа жүйе негізінде қоңырау қабылдап, адамдарды электронды тіркеуге алады. Мұның өзі бағындырған бір белес болса керек.