БҚО-да киік саны артып келеді HD

18.04.2017
Қазақстанда киіктің 3 популяциясы кездеседі. Бетпақдала, Үстірт және Орал. Соңғысы Еділ мен Жайық аралығын мекендейді. Бір кездері осы сайын далада 300 мыңдай киік болған деседі. Жаңа ғасырдың басында соның бірнеше мыңы ғана қалыпты. Киікті қорғауға арналған арнайы бағдарламалардың нәтижесінде оның саны былтырғы санақ бойынша 70 мыңға жеткен. Ал биыл қанша болғаны бірнеше күннен кейін белгілі болмақ. Тікұшақ берілген бағдар бойынша бір жүрген жолын қайталамай күні бойы ұшады. Кездескен киіктердің саны фотосуретпен айғақталады. Алынған сан белгілі коэффициентке көбейтіледі. Бөкеннің басы біразға барып қалғанына ұшу барысында біз де куә болдық. Биылғы киік санағын өткізу зоология институтына жүктелген екен. Мамандар киік саны бір жыл ішінде екі есеге өскенін топшылайды. Алексей Грачев, ҚР Білім және ғылым министрлігі зоология институтының бөлім басшысы: -Екінші жыл киік санағын тікұшақпен өткізіп жүрміз. Алғашқы күні 20 мыңдай киік санадық. Бұл шараға барлығы 50 сағат бөлінген. Артынша киіктердің нақты санын, жасы мен жынысын фотосуреттер арқылы анықтаймыз. Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші: -Киікті қорғаумен «Охотзоопром» мемлекеттік кәсіпорны айналысады. 37 инспекторға 9 жүрдек көлік, 8 қаршана, қажетті қару-жарақ берілген. Олардың міндеті қыс-жаз демей, артынан ілесе жүріп, дала еркесін мылтықтан қалқалау. Ал бөкеннің жауы аз емес. Бейресми дерек бойынша саудагерлер киік мүйізінің келісіне жоқ дегенде 100 мың теңгеден ұсынады. Сол себепті алтын көрсе, жолдан таятындар жеткілікті. Ауыл-үйдің тентегін былай қойғанда, киік аулауды кәсіп қылғандар өзге өңірлерден арнайы келеді екен. Киік қорғаушы инспекторлар 14 жыл бойы олармен ымырасыз күрес жүргізіп келеді. Бақтияр Тәшенов, «Охотзоопром» РМҚК ғылыми қызметкері: -Киіктерді қорғау мәселесі 2003 жылы басталды. Содан бері киіктің құлдырауы, құрып кетуі тоқтатылып, киік өзінің санын қайтара бастады. Негізі киік өте өсімтал жануар болып табылады. Сондықтан егер де оны қорғап жағдай жасаса, өзінің санын қалпына келтіріп алатындай жағдайы бар. Былтыр облыста киікті заңсыз аулауға қатысты 25 іс қозғалса, биыл жыл басынан бері осындай 14 факт тіркеліпті. Алайда оңай олжаға құнығып, бейкүнә жануардың обалын ойламайтындар азаймай отыр. Оларға толық тосқауыл қою үшін қосымша штат ашу қажет. Серік Мәженов, БҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау инспекциясының бөлім басшысы: -Жылма-жыл киіктің саны өскенімен, ареалы да өседі, оны қарауға кісі жетпей жатыр. Қазір мұнда тағы 37 адам алу керек. Сәйкесінше автокөлікті де көбейту керек. Болашақта облыстың оңтүстік аудандарында «Бөкей Ордасы» мемлекеттік резерватын құру көзделген. Сонда инспекторлардың саны жүзге жуықтап, киік қорғау жұмыстарының сапасы артпақ. Авторы: Ерденбек Жылқайдарұлы

Похожие видео

Показать еще