ШҚО-да 8 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды HD
Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөз ауданының шаруалары бір жылдың ішінде мемлекеттен қолдау ретінде 800 миллион теңге алған. Субсидия және жеңілдетілген несиелер түріндегі бұл қаражат ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін дамытуға, бордақы кешендерін тұрғызып, асыл тұқымды мал, жаңа техника сатып алуға жұмсалған. Аудан халқын таза ауызсумен қамту көрсеткіші де артып келеді. Қарағаштық Дәурен Оқасұлы 10 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысады. Он шақты ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бұрын бос жатқан мына ғимаратты өз күшімен жөндеп, бордақы алаңына айналдырды. Ал мемлекеттен жеңілдетілген пайызбен 10 миллион теңге несиеге берілген. Іскер азамат бұл қаржыға 100 бас ірі қара сатып алыпты. Қыстан қысылмай шығу үшін жем-шөбін де мұқият дайындап қойған. Дәурен Оқасұлы, шаруа қожалығының жетекшісі -Мемлекеттік бағдарламалардың бәрін де тиімді пайдаланып жатырмыз. Жеңілдіктер көп. «Сыбаға», «2020» бағдарламаларымен несиелер алдық. «Қазагрофинанс» арқылы техникаларды 80 пайызға жаңарттық. Болашақта осыны ары қарай дамыту, техникаларға жеңілдік болған соң, тағы бір екі техника алуды жоспарлап отырмыз. Талғат Сыздықаев, Қарағаш ауылдық округінің әкімі -Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін ауданда бірінші болып аштық. Қазір сол кооператив 9 бас асыл тұқымды бұқа әкелді. Қазір шаруашылықтан төртеу, жеке адамдардан 73 адам мүше болды. Саусақ бірікпей, ине ілікпейтінін аягөздіктер жақсы түсінген. Аудан бойынша қазірге дейін 8 кооператив құрылды. Оған 38 шаруа қожалығы мен 600 тұрғын біріккен. Ауданда әлеуметтік ортақ мәселелер де оң шешімін тапқан. Авторлары: Болат Көкенайұлы, Анатолий Тернов, Берік Жобалайұлы
Похожие видео
Показать еще