«Бізді де ұмытпаңыздар». Тараз маңындағы жарылыстан кейін арыстықтар да арнамыздан көмек сұрады HD
Арыс халқы осыдан екі жыл бұрын әскери қоймада болған жарылыстың зардабын әлі тартып келеді. Өйткені снарядтар түскен кейбір баспаналар мен кәсіпкерлік нысандар бүгінге дейін қалпына келтірілмеген. Осылай деген тұрғындардың облыс басшылығынан бастап, тиісті саланың тізгінін ұстағандарға өкпесі қара қазандай. Айтуларынша, базынасын айтып бармаған, арызын арқалап жазбаған жері қалмаған. Жамбыл облысындағы жарылыстан кейін бізді де есіне бір алар деген жұрт бүгін арнамыздан көмек сұрады. Екі жыл бұрынғы жарылыстан Беделхан Есалиевтің 36 шаршы метрлік шағын үйінің күлі көкке ұшыпты. Дүние- мүлкі түгел отқа оранған. Тек бірер кірпіші мен жырымдалған іргетасы ғана тұр. Бүгінде ауласына іргелес екінші үйінде күнелтуде. Құрылысшылар екі баспанасының біреуін ғана қалпына келтіріп беруге уәде етіпті. Сөйтіп, бар мүлкі мен шағын шаңырағынан айырылған тұрғын әлі күнге өтемақысын өндіре алмай жүр. БЕДЕЛХАН ЕСАЛИЕВ, Тұрғын: – Үй мүлкіме 6 млн, үйіме 6 млн, 12 млн сұрадым. Ал 12 млнның 12 тиынын да берген жоқ. Я оған жауап та берген жоқ. Міне сол сотты соттау керек. Неге ол бізден арыз жазғызып алды? Не сұрайтынымызды жазғызып алды? Сөйтіп отырып ештеңке істемеді. Мына дәмхана екі жылдан бері осылай талқандалған күйі тұр. Есігі жабық болғанымен терезесінен түк қалмаған. Ішіндегі керек жабдығы мен жиһазы да қолды болыпты. Жауаптылар тиісті өтемақысын өтеп береміз деген уәдесін әлі арқалап жүр екен. МҰҚАТАЙ САПАРХАНОВ, Кәсіпкер: – Снаряд кіріп кеткен ішіне, бір емес, 3-4 снаряд. Мынаны көріп отсыздар. Былтыр өздері шығарған 56-57 млн расценкасы. Бәрі қазір қымбаттап кетті. Мен қалай бітірем әрі қарай? Ал шенеуніктер жарылыстан соң 7866 тұрғын үйдің қалпына келтірілгенін, 477 баспана қайта салынып, 66 әлеуметтік мекеме жөнделді деп ақпар берді. Бірақ Арыстағы бүлінген бүкіл нысан бүтіндей қамтылмағанын мойындады. ТЕМІРХАН САТЫБАЛДЫ, Арыс қалалық әкімдігі құрылыс бөлімінің басшысы: – Толық жүз пайыз жөндеуден өтті деп айта аласыз ба? – Енді өйтіп айта алмаймын енді. Енді бұл жерде әр сектор 17 секторға бөлініп, әр сектор сол сектордегі үйлерге ақау актілерін жасап, сол ақау актісі бойынша тұрғын үйлерді қайта қалпына келтірді. Ал осыдан екі жыл бұрын жарылыстан қаншама халықтың бас сауғалап қашып, үрейін ұшыруға негіз болған әскери бөлімде бүгінде мүлгіген тыныштық. Әдеттегідей әскери қарауыл, жан-жағын бақылаған күзет. Алайда арыстықтар жүрегіміз әлі де алып-ұшып тұрады дейді. Екі жыл бұрынғы елді дүрліктірген жойқын жарылыстың қайталанбасына кепіл жоқ деп отыр. Оның үстіне былтыр жазда да тура осы әскери бөлімде таңсәріде бірнеше дүмпу болып, әлеуметтің абдырап қалғаны көптің есінде. Мақсат Жақсыбайұлы Бізді әлеуметтік желіде оқыңыздар: Youtube -https://www.youtube.com/channel/UCKJIfb3BN2x14J4U30wzLeA/featured?sub_confirmation=1 Facebook - https://www.facebook.com/informburo31/ Instagram - https://instagram.com/informburo31 Vkontakte - https://vk.com/informburo31 TikTok - www.tiktok.com/@informburo31 WhatsApp Информбюро +7 777 331 31 31
Похожие видео
Показать еще