Біздің де ет жегіміз келеді... Ашуға бұлыққан көше тазалаушылар наразылық білдірді HD
Қызылорда облысында ең төменгі жалақы 42500 теңгеге жұмыс істеп жатқан көше тазалаушылар бүгін наразылық білдірді. Олар қазіргідей қымбатшылық қарқын алған шақта еңбегімізге татымайтын мұндай табыспен күнелту мүмкін болмай барады деп ашулы. Айлығы шайлығына да жетпейтін тұрғындар киім-кешегімізді жаңалауды айтпағанда, қазір тіпті үйімізге жарытып азық-түлік алудан да қалдық дейді. Аядай ғана баспана ішіндегі үстінде нан мен қара шәйден басқа ештеңе жоқ жұтаң дастархан. Бұл Жаңақорған ауданында көше тазалаушы болып жұмыс істейтін Рахия Хайдарованың үйі. Соңғы кездердегі қымбатшылықтан тәтті-дәмді, құнарлы тағам жеу арманға айналып барады дейді ол. Жасы үлкейгендіктен жақсы айлық беретін жұмысқа қабылдай қоймайтынын айтады. Сондықтан жалғызбасты ана балаларын асыраймын деп көше тазалап күн көріп жүр. Айтуынша ол үшін төленетін 42500 теңгеден зейнетақы қорының ақшасы алынса, қолына тек 37 мың теңгедей ғана жалақы түседі. РАХИЯ ХАЙДАРОВА, көше тазалушы: – Құнарлы тамақ жегіміз келеді, ет жегіміз келеді. 37 мыңды тек картоп, сәбіздерге ғана жеткізе аламыз. Кішкентай азық-түлікке жетеді. Ет алуға шама жоқ. Бір айлыққа екі рет магазинге барсаң таусылады. Ал көше тазалаушысына төленетін 37 мың теңге қазіргі кезде бір жанұяның бір айға алатын азық-түлігінің өзіне әзер жетеді. Өйткені Қызылорданың базарында 50 келі ұнның бағасы 8 мың теңге. Ал күнбағыс майының 5 литрі 4 мыңнан сатылып жатыр. Бір қап картоп 9000 мың теңге шамамында, ал сәбіз бен пиаздың 10 келісі 6 мың теңге тұрады. Және 10 киллограм рожки мен күріштің бағасы 7 мың теңгеден саудаланады. Сонымен қоса 10 киллограм қант 3 мың теңге көлемінде. Қазір Жаңақорған ауданында көше тазалаушы болып жұмыс істеп жатқан 40 тұрғын бар. Олар осынша көлемдегі азық-түліктен басқаға ақша таппай қаламыз дейді. Сондықтан қарызға белшеден батып күнелтіп жатқандарын айтады. Күннің ыстық, суығына қарамай аудан орталығының бүкіл қоқысын тазалау мойынымызға артылғандықтан жалақымызды соған сай төлесін деп талап қойып отыр АЙСҰЛУ ҚАРАБАЛАЕВА, көше тазалаушы: – Айлығымызды көтеріп берсін. Масқара ғой мынау. 37 мыңмен қалай өмір сүресің? Бір аптаға жеткізерсің, одан артық жетпейді. Болмағаннан кейін бутылка жинаймыз, сөздің шыны. Ал жұмыссыздықтың кесірінен қос қолға бір күрек ұстаған жандардың жалақысына жауапты жұмыспен қамту орталығындағылар көше тазалушыларына төленетін ақшаның биыл көбеймейтінін айтады. ЖАҢАБЕК ТҰРЛЫБЕКОВ, Жаңақорған аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры: – Жалақы мәселесін көтеру жөнінде, ол жергілікті бюджеттен бөліну керек. Жергілікті бюджеттен көтеруге ешқандай мүмкіндік жоқ. Бұл жөнінде барлығы қарастырылып зерттелді. Кейбір өңірлерде мұндай жұмыс үшін 60 мың теңгеден аса ақша төленетінін басшының өзі де айтып отыр. Ал ас-ауқатына ақшасын әзер жеткізіп жүрген көше тазалаушылардың жалақы мәселесін тек облыс әкімдігі шеше алады екен. Абай Нұржанұлы, Рахымжан Ысқақов Бізді әлеуметтік желіде оқыңыздар: Youtube -https://www.youtube.com/channel/UCKJIfb3BN2x14J4U30wzLeA/featu