Оқу қарсаңында әр балаға берілетін 25 мыңды ала алмаған аналар бас көтеріп, әкімдікке жиналды HD

13.09.2021
Ақтауда оқу жылы қарсаңында үкіметтен берілетін қаражатты ала алмай жүрген көпбалалы аналар облыстық әкімдікке келді. Өйткені балаларды мектепке дайындау үшін берілетін ақша қыркүйектің ортасы болса да аналарға әлі жетпеген. Құжаттарды мектеп қабылдайтын болған соң қателік білім ордасынан кетті дейді білім бөлімінің басшысы. Әр баланы мектепке жинау үшін берілетін 25 мың теңгені талап еткен аналар бүгін облыстық әкімдіктен жауаптыларды іздеп барды. Өйткені, мектеп басшылығы да, әлеуметтік педагог те қаражат қандай жолмен тағайындалатынын дұрыс түсіндірмеді дейді. Аналар «қыркүйектің жартысы өтті, әлі күнге дейін балалардың не киімі жоқ, не оқу құралы жоқ» деп ашулы. АҚБӨПЕ БОЙДАҚОВА, көпбалалы ана: – Басқа мектептер алып жатыр, бізге де берілсін сол ақша. Балаларымызды киіндірейік. Кітап, зат бәрі қымбат қазір. Нолевойдың өзіне қарайған ақшамыз кетті. Барлық зат қымбат, қымбат. Киіндіре алмай жатырмыз. СӘУЛЕ, көпбалалы ана: – Бізді аз қамтылған отбасы деп мектеп айтты. Мектептен бізге 25 мыңға документ тапсыр деп, бар документімізді қабылдап алып, енді мусор деп лақтырып тастайды. Сіздің документіңіз өтпей жатыр дейді. Әкімдік алдында шу шығарған аналарға қала әкімінің орынбасары шықты. Бірақ бұл мәселеден хабарсыз болып шықты. Ал білім бөлімінің басшысы бұл жағдайда құжаттарды дұрыс қабылдамаған мектептің кінәсі деп ашық айтты. Яғни, көпбалалы, аз қамтылған отбасы әуелі жұмыспен қамту орталығынан өзінің санатын дәлелдейтін анықтама алып мектепке тапсыру керек. Сонан кейін әр балаға берілетін 25 мың теңгені алу жөнінде мектепке арыз жазу керек деп түсіндірді. ТОТЫ КҮЛМЕТЕНОВА, Ақтау қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі: – Бүгінгі таңда барлық білім беру ұйымдарында осы категорияға жататын аналарға толықтай қаражат бөлініп тұр. Тек осы ата-аналар өзінің санатын анықтап берген жағдайда ақша бірден аударылады. Бір топ ана бұл жиырма бес мың теңгені көп баласы бар отбасының бәріне беру керек дейді. Ал білім бөлімінің басшысы қазан айының соңына дейін мәселе шешіліп, ақша толық беріледі деп сендірді. Махаббат Нұржанқызы, Мұхаммед Шадкам Бізді әлеуметтік желіде оқыңыздар: Youtube -https://www.youtube.com/channel/UCKJIfb3BN2x14J4U30wzLeA/featured?sub_confirmation=1 Facebook - https://www.facebook.com/informburo31/ Instagram - https://instagram.com/informburo31 Vkontakte - https://vk.com/informburo31 TikTok - www.tiktok.com/@informburo31 WhatsApp Информбюро +7 777 331 31 31 #қымбатшылық #25мың #мектепке_дайындық #үкіметтен_көмек

Похожие видео

Показать еще