Мердігердің кесірінен халық шаң-тозаңның астында қалды HD

21.10.2022
Түркістан облысы Талдыбұлақ ауылының тұрғындары ауылға келер жалғыз жолды бұзып, сол күйі жасамай қойған мердігер компания өкілдеріне іздеу салады. Олар ауылды ауданмен байланыстыратын жеті шақырымдық асфальт жолды бір күнде қопарып бұзып тастаған. Бірден жаңа асфальт төселетінін айтқан жұмысшы топ сол күйі ізім-қайым жоғалды дейді халық. Ал тұрғындар төрт ай бойы ауылға такси қатынамай, шаң-тозаңның ортасында қалдық деп ашулы. Қазығұрт ауданының Талдыбұлақ ауылына апарар жалғыз жол ескі болса да сапалы еді дейді халық. Сондықтан бір күнде келіп тас-талқан еткендердің әрекетін түсінбейді. Сұрасақ, бұл жағдайдан не ауыл не аудан әкімі хабарсыз боп шықты дейді. Бірер күнде келіп жаңасын төсейміз деп кеткендерді содан бері ешкім қайта көрмеген. Есесіне ауыл шаң-тозаңның ортасында қалған. МЕЛДЕХАН ТӨРЕБЕКОВ, Қазығұрт ауданы Талдыбұлақ ауылының тұрғыны: – Таксилер жүрмей қойды бұл жаққа қарай. Бармаймыз жолдарың нашар дейді. Түнде қайтамыз. Әнеукүні кемпіріміз екеуміз құлап-сүрініп, кемпірім жол-жөнекей құлап келді. Сол енді дұрыс па енді?! Қорлық болып жатыр. Мына жерден машинелер өткен уақытта, Камаз-памаздар ауыл шаңның ішінде қап кетіп жатыр. Шаңы шыққан ойқыш жолынан қашып таксилер де ауылға беттемей қойыпты. Жүргендерінің өзі бағаны өсірген. Жол сүрілгелі такси қызметіндегі жекеменшік көліктер жиі бұзыла бастады дейді халық. НҰРСҰЛТАН ӘЛІМБАЕВ, Қазығұрт ауданы Талдыбұлақ ауылының тұрғыны: – Одан кейін мына жекеменшік машиналардың өздері жылап отыр қазір. Бір жерге апарып кел десең, пәленбай теңгем кетіп жатыр, нелерім кетіп жатыр деп. Оның барлығы халыққа келген шығын ғой. Әкімдер аудандық маңыздағы ауылға келетін асфальт жол құрылысына жалпы 157 миллион қаржы бөлінгенін айтты. Оның облыстан бөлінген 32 миллион теңгесі әзірге бұзу жұмыстарына ғана жұмсалыпты. ТАЙБЕК ҚАЛЫМБЕТОВ, Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары: – Енді қалған республикадан келетін 122 миллионы кешегі 26 қыркүйек күні келді. Біз оны сессияда бекіттік. Қазір қосымша келісім шарттарға отырып жатырмыз. Осы қазан, қараша айының орта шеніне дейін бұл жұмыстарды толығымен бітіп, пайдалануға берілетін болады. Жүз күннен астам жолдың азабын тартқан талдыбұлақтықтар алдымен қаражат мәселесін толық шешіп алмай жұмысты бастап кеткен шенеуніктерді түсінбейді. Халық енді шаң-тозаңға батырған әкімдіктегілер қыс түспей жаңа жол салып берсін деп талап қойып отыр. Бізді әлеуметтік желіде оқыңыздар: Youtube -https://www.youtube.com/channel/UCKJIfb3BN2x14J4U30wzLeA/featured?sub_confirmation=1 Facebook - https://www.facebook.com/informburo31/ Instagram - https://instagram.com/informburo31 Vkontakte - https://vk.com/informburo31 TikTok - www.tiktok.com/@informburo31 WhatsApp Информбюро +7 777 331 31 31

Похожие видео

Показать еще