«7-20-25» бағдарламасымен салынған үйлер нөсер жауынның қауқарына шыдамай жатыр HD

14.07.2021
Солтүстік Қазақстан облысында бар-жоғы үш ай бұрын мемлекеттік бағдарламамен қолданысқа берілген үйлер жаңбырға шыдамай жатыр. Тәулік бойы жауған нөсер жауыннан көпқабатты үйлердің төбесінен су сорғалап, сылақтары опырылып түсіп қалған. Соның кесірінен, тұрғындар таң атқанша көз ілмей, пәтерлеріндегі суды шелектеп тасыған. РУСЛАН ЖАСҰЛАНҰЛЫ, тілші: – 7-20-25 бағдарламасымен екі жыл бұрын ғана қолданысқа берілген мына үйдің тұрғындары түні бойы кірпік қақпаған. Тәулік бойы нөсерлетіп құйған жаңбырдан көпқабатты тұрғын үйдің шатыры тесіліп, төбеден су сорғалаған. Тұрғындар тіпті шелектерді ауыстырып үлгермегендерін айтады. Ал бүгін пәтерлердің төбелері опырылып, қабырғаларына сызат түскен. ЖАСҰЛАН НҰҒЫМАНОВ, тұрғын: – Бұл үйдің кепіл мерзімі өтіп кеткен. Сондықтан, бізге ешкім жөндеп бермейтін сыңайлы. Шатырдағы тесіктерді тек жамап қоюға болмайды, түгел жаңасына ауыстыру керек. Әйтпесе мұндай жағдай қайталана береді. 18 қабатты мына баспана биыл көктемде ғана қолданысқа берілген. Бірақ берілгеніне үш ай ғана болған үйдің төбесінің жабындысы сапасыз жасалған. Сәл су тисе, қабырғалары дымқыл тартып кетеді. Баспанасын талай жылға несиеге алған тұрғындар енді сапасыз құрылысқа жауаптылар жазалануы тиіс дейді. НӘЗИРА НҰРМҰҚАНОВА, тұрғын: – Пәтердің кіреберісінен, жатын бөлмесі және ас үйдің төбесінен түні бойы су ақты. Он шелек су төктім. Енді бұл шығындарды кім өтейді? Ал мердігер компания өкілдерді үйдің шатырынан су ағып жатқанын сапасыз құрылыс материалдарынан көреді. Тіпті баспананың жобасын құрастырғанда ең арзан құрылыс материалдары таңдалғанын мойындап отыр. Алайда, кепіл мерзімі біткенін сылтауратқан олар үйдің кем-кетігін түгел жөндемейтінін, тек шатырдағы тесіктерді жамап беретіндерін айтады. АНТОН ЗЕНЧЕНКО, мердігер компания өкілі: – Жобалық- сметалық құжаттар бойынша ең арзан құрылыс материалдары таңдалды. Олар көпке шыдамайды. Қымбат, көпке дейін шыдайтын материалдар алу керек еді. Бірақ бүкіл қаланың құрылысы осындай материалдардан жасалып жатыр. Кешелі бері толассыз жауған жауыннан Петропавлдағы бірнеше ғимарат су астында қалды. Елу жыл бұрын салынған жатақхананың төбесінен су сорғаласа, Бестерек орта мектебіндегі жағдай тіпті қорқынышты. Төбеден аққан судан ғимараттың қабырғалары жарылып, сылақтары түсіп қалған. Руслан Жасұланұлы, Қуаныш Әлтенов Бізді әлеуметтік желіде оқыңыздар: Youtube -https://www.youtube.com/channel/UCKJIfb3BN2x14J4U30wzLeA/featured?sub_confirmation=1 Facebook - https://www.facebook.com/informburo31/ Instagram - https://instagram.com/informburo31 Vkontakte - https://vk.com/informburo31 TikTok - www.tiktok.com/@informburo31 WhatsApp Информбюро +7 777 331 31 31 #мемлекеттік_бағдарлама #сапасыз_құрылыс

Похожие видео