Маңғыстау облысында қуаңшылықтан азық пен су таппай қырылған малдардың өлексесі шашылып жатыр HD
Маңғыстау облысында жұттан әлі де жылқылар қырылып жатыр. Өңірде қуаңшылықтың кесірінен аш құрсақ малдарына жем-шөп іздеген шаруалар, енді оларды суаратын бір тамшы су таппай қиналып отыр. Соның кесірінен өріс-өрісте малдардың өлекселері шашылып жатыр. Ал қырылған малда есеп жоқ. Соңғы кездері жазық далада арам қатқан малдар түсірілген жазба әлеуметтік желіде өте көп жариялануда. Маңғыстау облысында қуаңшылықтан азық пен су таппай қырылған малдардың өлексесі күн сайын көбейіп барады. Жануарлардың мұндай аянышты күйі түсірілген видеолар әлеуметтік желіде сәт сайын жарияланып жатыр. Аштықтан қу сүйегі қалған төрт түлікке беретін су жоқ. Шарасыз шаруалар малдарын аман алып қалу үшін ауыздарына құтыдан су тамызып әлек. Қураған шөп те қалмаған өңірде қалған малдың бойында әл жоқ. Жазық далада омбылап жатқан жылқыларға жаны ашыған еріктілер халықтан ақша жинап, көмек көрсетуге кірісіпті. САБИНА БИСЕМБАЕВА, «Клуб добряков» қорының жетекшісі: – Қазір тек Маңғыстау емес, басқа облыстардан, тіпті көрші елдерден қаражат жіберіп жатыр. Бізге күн сайын өлімші күйдегі малдардың суреттері мен видеоларын жібереді. Жағдайы төмен, тек мал шаруашылығымен күн көріп отырған отбасыларға жиналған қаражаттан жем-шөп алып беріп жатырмыз. Сабина халықтан жиналған қаражаты қанша уақытқа дейін шотқа түссе, сонша уақытқа дейін мал азығын сатып аламыз деп отыр. Ал малшылар арзан жем мен шөптен қол үзгендерін айтады. Сорақысы суды мал тұрмақ адамдар да таппай отыр. Ал үкімет бөлген субсидияның жыры әлі де таусылар емес. НҰРБОЛАТ ТЕМІРБАЕВ, шаруа: – Арзан жем келіп жатқан жоқ бізге. Тек бір-екі рет келді. Өзенге арпа келді 92 теңгеден. Ол да жетпей қалды халыққа. Үкіметтен беріліп жатқан 10 мыңға жақын қаражат 3 жастан асқан аналық басына беріледі дейді. Аталық басқа керек бұл жерде. Бір жасқа толған төлдерге де көмек керек болып отыр. Маңғыстаудағы қуаңшылық мәселесі ашық талқылана бастағаннан бері мемлекеттен 7 миллиард 404 миллион теңге бөлінді. Жуырда тағы Маңғыстау және Қызылорда облысына 3 миллиард 600 миллион теңге қаражат үкімет бюджетінен берілді. Ал облыстық басқарма су тапшылығы бар екенін жасырмайды. Өйткені, өңірдегі жер асты сулары тартылып жатыр, әрі жауын-шашын да жоқ деді. СЕРІК ҚАЛДЫҒҰЛ, Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы: – Біз оған қарап жатқан жоқпыз, бар күшімізбен қазіргі жағдайда шөп тасып жатырмыз. Статистикалық есеппен тіркелмеген мал басы 840 мыңдай осы 7 айдың қорытындысымен. Өлім-жітім болады, сатылады, сойылады. Естественный процесс. Жылда сентябрь айынан бастап январьға дейін мал басының саны азаяды. Ал таяуда ғана Маңғыстауға жұмыс сапарымен келген мәжіліс депуттары Еділ Жаңбыршин мен Самат Мұсабаев бұл өңірде қолдан жаңбыр жаудыру әдісін қолдануды ұсынды. Алайда әзірге нақты іске кіріскен жоқ. Алдын ала есеп бойынша 2 миллион еуроға 1 жыл бойы жаңбыр жаудыратын технологияны тәжірибеден өткізуге болады деген еді. Махббат Нұржанқызы, Мұхаммед Шадкам Бізді әлеуметтік желіде оқыңыздар: Youtube -https://www.youtube.