Ми қайнатар ыстықтан Маңғыстау мен Атырау жұртының мазасы кетті HD
Еліміздің батысында ми қайнатар ыстық. Ауа температурасы 50 градустан жоғарылап кеткен. Аптап ыстықтан әсіресе Маңғыстау мен Атырау жұртының мазасы кетті. Қуаңшылық, оның үстіне қапырық алқымды алуда. Атырауда күніне денсаулығы нашарлаған мыңдаған адам жедел жәрдем шақыртса, Маңғыстау облысында кейбір компаниялар қызметкерлерін амалсыз үйден жұмыс істеуге көшіріп жатыр. Климаты қуаң Атырау облысында ауа температурасы 50 градустан асып түсті. Жаз бойы өңірде мүлде жауын-шашын жоқ, тамшы да тамбай көктің бәрі қурап тұр. Тіпті, Теңіз кенішінде ауа температурасы 55 градустан асып түскен. Бірақ жұмыс жалғасып жатыр. Алқымнан алған ыстық атыраулықтарды әбігерде түсіруде. ЖАНАТ МОЛДАШОВА, Тілші: – Атырау өңірінде жанға сая болар тал-терек өте аз. Сондықтан Атыраулықтар жан бағудың түрлі амалын жасап жатыр. Мынадай субұрақтарға бала түгілі үлкендер шомылып осылай сергіп алады. Ылғал киім әп сәтте кебеді. Атыраулықтар салқындатқыштың көмегімен жан сақтап отыр. Бірақ сол салқындатқыш да қатты ыстықты көтере алмай, істен шығып жатыр. Тоқ желісіне де салмақ түсіп, трансформаторлар өртеніп, өңірдегі біраз ықшамаудандар қарықсыз қалған. Аптап ыстықтан халықтың денсаулығы да нашарлап, ауруханаға түскен тұрғындар да көп. Атырау қаласының өзінен күніне жедел жәрдем стансасына мыңнан астам шақырту түседі екен. НАРГИЗ БАЙМОЛДАЕВА, Атырау облыстық жедел жәрдем стансасы директорының орынбасары: – Күніне мың бір жүз-мың екі жүз шақырту түсіп жатыр. Көбінің қатты ыстықтан қызу көтерілгендер. Бұған себеп жан сақтау үшін салқындатқыштың астында отрады. Одан бөлек қан қысымдары көтеріліп, инсульт, инфарк алушылар да көп. Ал маңғыстаулықтар Теңіз жағалауында жан сақтап жүр. Қапырықтан қашқан қала халқы Каспийді паналайды. Ми қайнатар ыстықтан маңғыстаулықтардың да денсаулығы нашарлап, ауруханаға түсіп жатыр. Сондықтан аймақтағы кейбір компаниялар жұмысшыларын үйден онлайн жұмыс істеуге көшірген. ЖАНАТ МОЛДАШОВА, Тілші: – Төтеншеліктер 30 маусым мен 2 шілде аралағында Қазақстанда қатты ыстық болатынын ескертті. Соған байланысты дәрігерлер күніне бір жарым, екі литр су ішуге, дене қозғалысын азайтуға, күндізгі уақытта күн сәулесі түспейтіндей етіп, терезелерді қараңғылап қоюға, ашық түсті киім киюге кеңес береді. Жанат Молдашова, Махаббат Нұржанқызы Бізді әлеуметтік желіде оқыңыздар: Youtube -https://www.youtube.com/channel/UCKJIfb3BN2x14J4U30wzLeA/featured?sub_confirmation=1 Facebook - https://www.facebook.com/informburo31/ Instagram - https://instagram.com/informburo31 Vkontakte - https://vk.com/informburo31 TikTok - www.tiktok.com/@informburo31 WhatsApp Информбюро +7 777 331 31 31 #аптап_ыстық #қауіпсіздік #лайфхак