«Қазіргі толқын өте ауыр». Қазақстанда коронавирустан көз жұмғандар саны көбеюі мүмкін HD
Қазақстанда коронавирустан көз жұмғандар саны көбеюі мүмкін. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі мәлімдеді. Цойдың айтуынша, өңірлердегі кейбір инфекциялық ауруханаларда науқастарды емдейтін жатын орын толып қалған. Әсіресе Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Ақтөбе, Ақмола және Қызылорда облыстарында жағдай қиын. Бұған дейін Үкіметте бірнеше рет есеп берген министр ковидке де, оның жаңа штамына да дайын екенін бірнеше рет айтқан болатын. Алайда қазіргі толқын өте ауыр сияқты. Қазақстанда бір тәулікте коронавирус жұқтырғандар саны 7200-ден асып кетті. Бұл министр Цойдың пессимистік болжамындағы сандардан да асып кетті. Жағдай бақылаудан шығып барады. Аймақтардағы науқастарды жатқызатын орын 52 пайызға толған. Ал көз жұмғандардың 65 пайызы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды және Атырау тұрғындары, енді ол жерлерде 2 тамыздан бастап карантиндік шектеулер тағы қатаңдатылды. АЛЕКСЕЙ ЦОЙ, ҚР Денсаулық сақтау министрі: – Бұл өңірлерде меншік формасына қарамастан "Ашыққа" қатыспайтын барлық кәсіпорындардың жұмысы тоқтатылады. Тек мемлекеттік органдар, әкімдік, денсаулық сақтау ұйымдары, бұқаралық ақпарат құралдары мен азық-түлік дүкендері ғана жұмыс істейді. Түрлі спорттық шаралар мен жиын өткізуге тыйым салынады. Ұлттық компаниялар мен мемлекеттік органдар қызметкерлерінің 80 пайызына қашықтан жұмыс істеу формасы сақталады. Министрлік өкілдері қазақстандықтарды тағы да карантиндік шектеулерді бұзбауға шақырды. Өңірлердегі мониторингтік топ жыл басынан екі мыңға жуық заңсыз той өткізу фактілерін тіркеген. АЖАР ҒИНИЯТ, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары: – Әрбір адамның қасына медицина немесе полиция маманын қою мүмкін емес. Кеше тек бір тәуліктің ішінде 110 үйде жаназа болып, жерлеу рәсімдері болды осы ковид инфекциясына байланысты. Осы адамдар вакцина алғанда тірі қалар ма еді. Сондықтан әрбір адам жауапкершілігімен түсіну керек, той жасап басқа адамдардың өміріне қатер түсірмеуі керек. "Қызыл" аймақтағы өңірлерде бизнес нысандарының жұмысы демалыс күндері толықтай тоқтады. "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы айтуынша, "Ашық" жобасына қатысу кезінде заң бұзбағандарға бір аптадан кейін жеңілдік жасалып, жұмыс істеу уақыты ұзартылуы мүмкін. АБЫЛАЙ МЫРЗАХМЕТОВ, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы: – Бизнес жағдайды түсініп отыр. Иә, шығындар болады. Кәсіпкер ақшасын жоғалтып отырғанын да білеміз. Бірақ адамдар өліп жатқанда бұл ештеңе емес. Бір-екі апта шыдау керек. Жағдай тұрақталған соң қалыпты режимге ораламыз. Ал қазір ең әуелі жаппай вакцина алу қажет. Министр Алексей Цой әр екінші қазақстандықтың вакцина алғандығын мәлімдеді. Алайда әзірге екпе салынғандар көбейіп жатса да аурудың беті қайтпай тұр. Денсаулық сақтау министрі вацинация науқанын тоқтатпау керек деп отыр. Ал бүгін Қырғызстанға көмек ретінде КазВактың 25 мың дозасын жіберген Цой "Қазақстан өңірлерінде жетіспеушілік болмайды, ай соңына дейін аймақтарға 100 мың препарат жеткізіледі" деді. Гүлназ Сайлауқызы, Дидар Елеуов Бізд