ҚР ІІМ: Алматыдағы атыс кезінде 1 бейбіт тұрғын мен 3 полиция қызметкері қаза тапты HD
Алматыдан суыт хабар таңертеңгі сағат 11-лер шамасында тарады. Шаһардың бірнеше ауданында атыс-шабыс болып, 3 сақшы, бір бейбіт тұрғын қаза тапты. Жараланғандар да бар. Күдіктілер де көпке ұзамай қолға түсті. Таңертең сағат 11-лер шамасында қаруланған белгісіз біреу Қарасай батыр мен Байтұрсынұлы көшесінің қиылысында орналасқан Алмалы аудандық ішкі істер бөліміне шабуыл жасады. Күзетшінің біреуін жаралап, автоматты мылтығын алып кеткен. Қарулы қылмыскер бір қала тұрғынының көлігін тартып алып, иесін атып кеткен. Көлік иесі оқиға орнында қайтыс болды. Ал күдіктінің өзі «Қазақконцерт» мекемесінің маңында ұсталып, аты-жөні анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, ұсталған 27 жастағы Қызылорда облысының тумасы болып шықты. Және де оның бұрын сотталғаны, сондай-ақ өткен демалыс күндері өз әйелін өлтірген деген күдік бар. Оқиғаға қатысты куәгерлер былай дейді. Мұрат, куәгер - Автоматты кезегенде әзілдеп тұр екен деп ойлап қалдым. «Машинаңнан шық» деп атып жібергенде, зытып шықтым. Ана тұсқа барып отырдым. Тағы мылтығын кезеді. Зәре құтым қалмады. Содан соң ол машинаны жапты да Байтұрсынұлы көшесімен жоғары кетті. Людмила, куәгер -Автомат ұстаған жігіт алдымен аспанға атты. Содан соң Алмалы аудандық Ішкі істер бөлімшесіне кірді. Ол жақтан қашып шығып, базарға қарай жүгіріп кетті. Сондай-ақ қалалық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаментіне де белгісіз біреу қарулы шабуыл жасады. Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, үш полиция қызметкері ауыр жарақаттан көз жұмды. Тағы бірнешеуі жарақат алған. Ауруханада күшейтілген күзет қойылды. Тәртіп сақшылары мен жараланған жандардың жақын туыстарынан басқа мұнда кіруге ешкімге рұқсат етілмеді. Алмас Сәдуақас, тілші -Алматыда болған қанды оқиға салдарынан зардап шеккен жандардың барлығына шұғыл медициналық көмек көрсетіліп, қалалық жедел-жәрдем орталыған жатқызылды. Дәрігерлер берген алдын ала мәлімет бойынша, жансақтау бөліміне 8 адам түскен. Түстен кейін өкінішке қарай солардың үшеуі көз жұмды. Ал қалған 5 адамға дәрігерлер барынша көмеке қолын созуда. Осы оқиғадан кейін қаладағы барлық қару сататын дүкендер жабылды. Ойын-сауық орталықтарында жұмыс тоқтатылды. Қаладағы көптеген мекемелеріде қызметкерлер жұмыстан ерте үйлеріне қайтарылды. Ата-аналарға бал бақшадан балаларын ертерек алып кетуі жөнінде хабарланды. Мемлекетік және стратегиялық нысандарда теміржол, метро, әуежай мен автобекеттерде қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Қазір Алматыдағы жағдай қалыпты. Авторлары: Алмас Сәдуақас, Ернар Сайлаубаев
Похожие видео
Показать еще