Алматыда қаңтар оқиғалары кезінде бір әулеттің мүшелерін тапа тал түсте қырып салған HD
Жаңаөзендегі сұйытылған газ бағасының өсіміне қатысты туындаған халық наразылығы көп ұзамай бүкіл өңірлерде қолдау тауып, халпыхалықтық сипатқа ие болып кеткен еді. Ақыр соңында Алматыдағы жағдай бақылаудан шығып қалып, бейбіт басталған митинг содырлар мен баскесерлердің араласуымен тәртіпсіздіктерге ұласты. Салдарынан қаланы террористерден тазарту барысында қылмыскерлермен қоса қарапайым халықтың да қаны төгілді. Осылайша 2022 жылдың қаңтары бүкіл қазақ халқы үшін қаралы айға айналды. Қазір бұл оқиғаларға байланысты тергеу шаралары әлі де жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар күн сайын жазықсыз жапа шеккен тұрғындар туралы жаңа ақпарат шығуда. Солардың бірі – қазаға көңіл айтуға барамыз деп өздері қара жамылып қалған Сағындықовтар әулеті. Қаралы отбасының мүшесі әрі орын алған қайғылы оқиғаның куәгерімен Stan.kz тілшісі тілдесті. Қазаға барамыз деп қара жамылған шаңырақ Оқиға 7 қаңтар күні болған. Еркеғали Сағындықовтың сөзінше, бір әулеттің 7 бірдей адамы Алматыдан Түркістан облысы Қарағаш елді мекеніне жаназаға жолға шығады. Комменданттық уақыттың енгізілгенін білетін олар, кеш түскенше жетеміз деп жоспарлаған. "Өзім – Қарағаш елді мекенінің тумасымын, қазіргі уақытта Алматыда тұрып жатқаныма 20 жылдан асты. Қайғылы оқиға орын алатын күні сол ауылда тұратын ағамның қызы мезгілсіз өмірден өткенін естіп, 7 қаңтар күні үйден жеті адам болып жолға шықтық. Оның ішінде мен бар, анам бар, әкемнің інісі мен әпкелерім болды. Біз жолға шыққанда жолдың барлығы ашық болды, ешқандай кедергілер мен блок-посттарды көзіміз шалмады. Алматымен арақашықтық шамамен 5-6 сағаттық жол болатын, сол себепті кеш түскенше үлгереміз деп ойладық", – дейді Еркеғали. Бұл уақытта Алматы қаласында төтенше жағдай енгізіліп, әскерилер қала аумағын толық бақылауына алған кез. Қалада интернет толық өшіріліп, ал президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаланы лаңкестерден тазарту барысында әскерилерге "ескертусіз оқ атуға" бұйрық берген. Куәгердің айтуынша, отбасы отырған көлік сағат 12 шамасында Алматы облысы Тарғап елді мекеніне келген. Сол уақытта арнайы көліктен әскери киім киген адамдардың түсіп жатқанын көрдім дейді ол. "Алғашында біздің ойымызда бөтен ой болған жоқ. Әскери адамдар болған соң, бізге тиіспейді деп ойладық. Сол жерден тамақтанып алайық деп ойладық. Сол кезде көліктің алдында отырған әкемнің інісі рөлде отырған ағама "мына жерге бекер тоқтадың, жүре берейік" деді. Содан көлікті қайта оталдырып қозғала бергенде артымызға бір ақ машина келіп тоқтады", – деп еске алады Еркеғали. Еркеғали тоқтаған көліктің маркасы 2104 екенін анық көргенін айтады және сол сәтте атыс та басталып кетеді. "Автоматтардың даусы естіле салысымен біз жылдам жүріп кетуге тырыстық. Осы сәтте әскерилер бізге қарсы оқ жаудыра бастады. Қарша бораған оқтың астында қалып, біз көлікті игере алмастан жолдың қарсы бөлігіне өтіп кеттік. Ал олар атыстарын тоқтатқан жоқ. Біз көліктің ішіне жатып қалып, дауыс шығаруға да сескеніп қалдық. Мен тіпті барлығымыз қырылып қалдық па деп ойладым. Мен еңбектеген күйі көліктен
Похожие видео
Показать еще