Атырау облысында шаруалардың жиған-терген малы судың жоқтығынан қырылып жатыр HD
Атырау облысы Исатай ауданы халқының жиған-терген малы судың жоқтығынан қырылып жатыр. Амалы таусылған ел шу шығарды. Арна мүлде құрғап, түз төрт түліктің өлекселеріне толған. 50 жылдан астам уақыттан бері жасанды су арнасы бірде бір рет тазартылмапты. Ашынған ел арнамызға жанайқайын жеткізді. Бұл Атырау облысы Исатай ауданының шаруалары. Олар «судың жоқтығынан бар малымыз далада қырылып, шарасыз күйге түстік» деп ашынады. Жайықтан су келетін жасанды арна алпыс жылдан бері жөндеу көрмепті. Қазір арна мүлде құрғап жатыр. МҰРАТ МАҢҒЫБАЕВ, шаруа: – Котлован КПСС-тің кезінде 1966 жылы пайдалануға берілген, содан бері ремонт көрмеген. Біздер арыздандық та, жиналыс сайын айтып жүрміз қақсап, аршитын деп. Енді мына облыс басшылары, республика басшылары бізге бір назар аударсын деп адамдар жиналып тұрмыз. МҰРАТҚАЛИ АҚҚАЛИЕВ, шаруа: – Мынау бүкіл халықтың күнелтісі. Мынау Аққыстау, Чапаев халқының малы осы жерден су ішеді. 60 км-ден шауып келген малға ішетін су болмағанда өзіңіз есептей беріңіз. Облыстың әкіміне де келгенде айтылып жүр. «Шөптің жоқтығынан шығынға батқан ел енді сусыз қалдық» деп наразы. «Тіпті, төрт түлік түзде өліп жатыр» дейді. Расында ен даладан су іздеген ірі-қара мұзға тайып әр жерде өліп жатыр. Шаруалардың айтуынша, жергілікті билік мұның барлығынан хабардар. Бірақ еш нәтиже жоқ. Канал бойынан аудан басшылары да табылды. Олар осы арнаға су жіберетін мекеме басшыларын алып келіпті. ЕРКЕБҰЛАН ӘБІЛХАСИМОВ, Исатай ауданы әкімінің орынбасары: – Малға су тапшы болып жатқаны ауа райының қолайсыздығына байланысты қар жоқ. Құмдағы малдың барлығы осы жерден су ішеді. Шамамен 10 мыңның үстінде жылқы, 5 мыңның үстінде түйе бар барлығы осы жерден су ішеді. Соның кесірінен күзде айдалған судың көлемі төмен түсіп кетіп тұр. Қазір Сушар мекемесі келіп тұр, халықпен келісімсөз жүргізеді. Жасанды каналға Жайықтан су айдайтын мекеме басшылары «биылғы бөлінген қаражат толықтай игерілді» дейді. Дегенмен арнайы техника бөліп, су жіберуге келісті. Бірақ бұл жұмыстардың барлығын шаруалардың өзіне жүктеді. Ал жарты ғасырдан бері жөндеу көрмеген арнаны тазарту жұмыстарын жергілікті әкімдік енді ғана қолға алып жатқандарын айтты. Исатайлықтар облыс басшыларынан осы істі аяқсыз қалдырмауын сұрайды. Бізді әлеуметтік желіде оқыңыздар: Youtube -https://www.youtube.com/channel/UCKJIfb3BN2x14J4U30wzLeA/featured?sub_confirmation=1 Facebook - https://www.facebook.com/informburo31/ Instagram - https://instagram.com/informburo31 Vkontakte - https://vk.com/informburo31 TikTok - www.tiktok.com/@informburo31 WhatsApp Информбюро +7 777 331 31 31 #информбюро #басты_жаңалықтар