Жақсықылыш – алтын құрсақты аналары көп құтты мекен HD

19.07.2015
«Батыр аналар» ауылы. Қызылорда облысындағы Жақсықылыш елді мекенін сыр бойылықтар осылай атайды. Мұнда 165 ардақты ана тұрады. Оның 79-ы алтын, 86-ы күміс алқа иегері. Бұл өлке бұрыннан «Аралтұз» комбинатымен елге таныс болатын. Енді алтын құрсақты аналарымен құтты мекенге айналды. Ауылдағы ардақты аналардың бірі – Талайлы Байарыстанова. 7 құрсақ көтерген. Барлығын да қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Еңбектен де қол үзген емес. 40 жыл ұстаздық өтілі бар. Қазір де қарап отырған жоқ. Келіндерімен бірге құрақ құрап, көрпе көктеп, жас буынды қолөнерге баулиды. Талайлы Байарыстанова, батыр ана -Ең қазақылықтың дарыған жері. Дәстүр-салт бәрі дарыған жер. Сондықтан біз алдымызда үлкен апаларымыз болды. Солар көп балалы болып, халықтың алдында өздерін сыйлы сезініп келген адамдар. Көп балалы ана деп оларды қадір тұта білді. Бізде содан үлгі алған болуымыз керек. Қазір менің келіндерімнің де алдында 5-6 балалары бар. Жастық бейнеттің зейнетін көріп отырған Орал Үмбетқызының да өмір жолы өнегеге толы. Зайыбынан ерте айырылғаннан кейін де 7 баласын жерге қаратпаған жігерлі жан. Бүгінде үлкен әулеттің басындағы берекелі тұрмыстың тірегі де, жүрегі де бір өзі. Орал Үмбетқызы, батыр ана -Қиын замандар болды. Солардан Алла тағала мені көтеріп, жақсы өттік. Әкесі ерте қайтыс болды. Мен 44 жасымда жесір қалдым. Сол 7 баланың ең кішісі 3,5 жаста еді. Қазір ол архитектура бітіріп, облыстың маңдайалды азаматы болып жұмыс істейді. Жақсықылыш жері сортаң, шөлдік белдемде орын тепкен. Бірақ бұл ауылдың еңсесін өзгелерден биіктетіп тұрған ардақты аналардың мейірімі мен балалардың бал күлкісі. Ақ жаулықты аналарын мақтан еткен ауыл ақ алтыны «Аралтұз» комбинатында жырға жиі қосады. Өйткені мұндағы тіршіліктің өзегі – осы зауыт. «Батыр аналар» ауылындағы әр үйде кемінде 5 жеткіншек желкілдеп өсіп келеді. Тағылымды тәрбиенің тұнығынан нәр алған олар да тектілік жолдан таймасы анық. Бастысы ұлтты сақтаған ұлы аналар ізін жалғаушы ұрпақ бары қуантады. Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов, Руслан Айтмамбетов

Похожие видео