Дәретханада антисанитария, салқындатқыш жоқ: біздің пойыздардың жағдайы неге тым мүшкіл? HD
Батыстағы екі өңір арасында қатынайтын «Маңғыстау-Ақтөбе» пойыздарының сапасына жолаушылардан түскен шағым көбейген. Аптап ыстықта екі күн бойы сапарлайтын халық, адамды салқындатқышы жоқ вагонға отырғызу "келемеждеумен тең" дейді. Жолаушылардың сөзінше серіктестіктің қолына өткен пойыздар әбден ескірген, шойын жолда жүруге де келмейді. Халық қанша шағымданса да пойыздарға жауапты «OTPAN LOGISTIC» компаниясы вагондарын жаңалауға әлі де асықпайтын сияқты. «Маңғыстау-Ақтөбе» бағытында қатынайтын пойыз жолаушыларының вагондардың сапасына көңілі толмайды. Халық жекенің қолына өткен вагондарда алаңсыз сапарлау қазір мұң болды дейді. Айтуларынша, жолаушылар тіпті әжетханаға әрең кіреді. Ал еліміздің ең ыстық өңірінен қатынайтын пойыздарда салқындатқыштың жоқтығы, халықтың ашуын тудырып отыр. Сондықтан, арлы-берлі сапарлаған ел қолдарына желдеткіш алып амалдауға мәжбүр. ХАМЗА КЕМАЛҰЛЫ, жолаушы: – Жаңа Қазақстан мынау қалай? Стандартқа сәйкес келе ме? Әжетхананың іші деген антисанитария ғой, любой вагонында. Вагон ескі, мынау деген біреудің қалтасына жұмыс істеп жатқан вагон сияқты меніңше. Списаниеге шыққан вагон и қайтадан просто тіркеп жіберіп ақша істеп отырған сияқты. АСХАТ МҰҚАШЕВ, жолаушы: – Өзім вахталық әдіспен жұмыс істеймін. Осы пойызбен айына 4 рет Ақтөбе мен Маңғыстаудың арасында қатынаймын. 21-ғасырда өмір сүріп жатырмыз ғой. Мынадай аптап ыстықта салқындатқышы жоқ вагонда отыру мүмкін емес. Тоңазытқыш та жоқ, тамақтарымыз бүлініп жатыр. Жолсеріктер де мұндай жағдайда жұмыс істеу оңай емес деп отыр. Өйткені пойыз құрамындағы екі вагонда ғана жағдай жасалған. Вагон ішінде қысқа толқынды пеш те, тоңазытқыш та жоқ. Дегенмен, «Маңғыстау-Ақтөбе» пойызын темір жолға шығарып отырған «OTPAN LOGISTIC» компаниясы қызметті жақсартуға асықпайтын сыңайлы. ЮЛИЯ КАЛЫГИНА, «OTPAN LOGISTIC» ЖШС директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары: – Енді не істейміз? Жаңа вагондарды сатып алуға шамамыз жететін уақытты күтуге тура келеді. Өйткені, бұл жұмыс компания құрылтайшысының құзырында. Құрылтайшының жоспары бойынша келесі жылдан бастап вагондар кезең-кезеңімен жаңартылады. Пойыздарды тексеруге шыққан транспорттық инспекция мамандары да вагондардан әртүрлі олқылықтарды анықтады. Бірінде ыдыс жоқ болса, бірінің медициналық қобдишасындағы дәрі-дәрмектің сақтау мерзімі өтіп кеткен. Тіпті авариялық жағдай бола қалса, дабыл қағатын құрал да істен шыққан. Инспекторлар мұндай жауапсыздық үшін компания басшыларына айыппұл салды. Махаббат Нұржанқызы, Фархад Шадкам Бізді әлеуметтік желіде оқыңыздар: Youtube -https://www.youtube.com/channel/UCKJIfb3BN2x14J4U30wzLeA/featured?sub_confirmation=1 Facebook - https://www.facebook.com/informburo31/ Instagram - https://instagram.com/informburo31 Vkontakte - https://vk.com/informburo31 TikTok - www.tiktok.com/@informburo31 WhatsApp Информбюро +7 777 331 31 31 #пойыз #КТЖ