Алматыда қандықол қылмыскерді ұстаған батыр III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды HD

29.05.2017
Құқық қорғау саласында бар болғаны екі жарым жыл қызмет жасаған Нұрсұлтан Қартбаев бүгінде батырлар қатарында. Ол – еліміздің ең жоғарғы наградасының бірі – «Айбын» орденінің иегері. Оған бұл марапат өткен жылы Алматы қаласының қақ ортасында ойран салған қандықол қылмыскер Руслан Күлікбаевты ұстап, батыл әрекет жасағаны үшін берілді. Нұрсұлтан Қартбаев құқық қорғау саласында еңбек етуді жастайынан армандапты. Отан алдындағы борышын өтеп келіп, заң колледжін тәмамдаған соң күзет қызметінің сақшысы болып орналасады. Өткен жазда, 18 шілдеде дүйім жұртты дүрліктірген оқиға – Руслан Күлікбаевтың 8 адамды жайратып салған күні Нұрсұлтан алаңсыз күзетте тұрған. Нұрсұлтан Қартбаев, ҚР ІІМ Алматы қалалық мемлекеттік күзет қызметі басқармасы ІІ батальонының инспекторы: – Біз кезекшілігімізді атқарып жатқан кезде сырттан бейтаныс адамдар жүгіріп келіп, бір қарулы адам адамдарға оқ атып жүргенін жеткізді. Сол кезде старшина Ғалиев Аян сыртқа жүгіріп шығып, маған «кезекші бөлімге хабарла!» деп сыртқа шығып кетті. Содан мен осы жерден сыртқа жүгіріп шығып кеттім. Қылмыскерді тоқтатпақ болған серіктесі Аян Ғалиев, өкінішке қарай, оққа ұшып, қаза болды. Ал сол жерде қандықол Күлікбаевты ұстаған Нұрсұлтанның ерлігі туралы барлық ақпарат құралдары жазды, телеарналар көрсетті. Бірақ оның туыстары бұл жағдайды бірнеше күннен кейін ғана білген. Қартбай Төлемісов, Нұрсұлтанның атасы: – Мен Нұрсұлтанды танымай қалыппын. Екі күннен кейін кеше қылмыскерді ұстаған Нұрсұлтан ғой деп айтады. Мен неге айтпадың дедім. «Айтсам, сен тағы уайымдап, неге жүрдің деп айтасың қорықтым», – дейді. Нұрсұлтан атасы Қартбайдың қолында өскен. «Мен немеремді еліне адал қызмет етуге үйреттім», – дейді қария. Ата-әже тәрбиесін көрген ол мейірімді, өзгелерге қол ұшын беруге әрқашан дайын тұратын, салмақты мінезімен әріптестерінің ортасында силы. Нұрсұлтан – отбасының ғана емес, елінің сенімді тірегі, бір баланың әкесі. Күлікбаевты ұстау кезінде батыл әрекет жасаған Нұрсұлтан Қартбав пен марқұм Аян Ғалиев III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Алайда қарапайым сарбаз мұндай атаққа масаттанған жоқ. Тіптен «батырмын» деп бәлсінбейді. Бұрынғыдай күзет қызметіндегі міндетін абыроймен атқарып жүр. Авторлары: Аршын Кемелжан, Эдуард Кон, Кенже Амраев

Похожие видео