Жерінің асты қара алтынға толы Маңғыстау облысында газ құбыры тартылмаған үйлер бар HD
Жерінің асты мұнай мен газға толы Маңғыстау облысында әлі күнге дейін газ құбыры жүргізілмеген үйлер бар. Сондықтан Батыр ауылының тұрғындары күн суығанда отын тасып, газ баллон жағып жылынады. Ал кейбірі қыс түскенде киім-кешегімізді жинап пәтер жалдап кетуге мәжбүрміз дейді. Әкімге бара-бара табаны тозған халық бес жылдан бері мәселені шеше алмай отырған шенеуніктерге ашулы. Ал әкімдіктегілер болса биыл да газ құбыры жүргізілмеуі мүмкін деп отыр. Жетпіс жастағы Алтын Мұхамбетова күн суыса отын жинап, үйін қолдан жасалған пешпен жылытады. Ол үшін ағашты не сатып алады немесе даладан іздейді. Тамақ пісіру үшін қауіпті газ баллонды қолданудан басқа амалымыз жоқ дейді. Өйткені тоқпен істейтін плита үшін кететін электр энергиясының ақысы қалтаны қағады. Немерелерінің өміріне алаңдап, түн ұйқысы қашқан кейуана жағдайды ушықтырған басшыларға ренжулі. АЛТЫН МҰХАМБЕТОВА Батыр ауылының тұрғыны: – Биыл да әне келеді, міне келедімен табанымыз тозды әкімге барып. Енді осы жерге тендерге ақша бөлінді дейді. Соны да қоспай отыр. Отын да жоқ, ала қояйық десек көмір жоқ. Түтін-түтін, өртеніп кетсе адам бірде болады, бірде болмайды бала-шаға бір затқа тиіп кетсе кім кінәлі? ҚАНЫМ КЕНДІРБАЕВА Батыр ауылының тұрғыны: – Газ жоқ, немерелеріміз ауырып жатыр. Ауырсақ кімге барамыз енді? Әкімге барсақ әне-мінемен газ тартпай жатыр. Үйдің іші суық. Тыңдайтын құлақ болса, бізге газ керек! Осылай жан дауысы шыққан халық газ мәселесімен бес жылдан бері шеше алмай келеді. Кейбірі қыс түскенде үйлерін тастап, жан сауғалап, пәтер жалдап кетеді. Сондықтан, мектеп жасындағы балалар қыс бойы басқа мектепте оқиды. Ал аудандық әкімдікте биыл да бұл тұрғындарға газ тартылмауы мүмкін деп отыр. Өйткені газ құбырын жүргізетін мердігер мекеме құрылыс материалдарының бағасына байланысты бастапқы қаржыны өзгертуді сұрапты. ҚЫДЫРБЕРГЕН БАЛИЕВ Мұнайлы аудандық құрылыс, сәулет бөлім басшысының орынбасары: – Қазіргі таңда құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты аталған нысан бойынша түзету енгізуге мердігер тарапынан ұсынылды. Алайда соңғы нақты тапсырмасы облыс тарапынан жүргізілетін болады. Аталған нысанды уақытынан бұрын қысқы мерзімге қалдырмау мақсатында мердігерге бірнеше рет хат жолданды құрылыс жұмыстарын аяқтау бойынша. Атқарылмаған жағдайда сот құзырына жолданатын болады. Әкімдіктегілердің сөзінше бұл тұрғындардың үй салған жер алғашында бір адамға қосалқы шаруашылық жер ретінде берілген. Артынша телім иесі аумақты бірнеше бөлікке бөліп сатып жіберген. Енді міне кесірі қара халыққа тиіп, әлі күнге дейін ауданның бас жоспары өзгертілмей жатыр дейді тұрғындар. Ал шенеуніктер қайтсек те амалын тауып газ құбырын жүргізіп береміз отыр. Махаббат Нұржанқызы, Фархад Шадкам Бізді әлеуметтік желіде оқыңыздар: Youtube -https://www.youtube.com/channel/UCKJIfb3BN2x14J4U30wzLeA/featured?sub_confirmation=1 Facebook - https://www.facebook.com/informburo31/ Instagram - https://instagram.com/informburo31 Vkontakte - https://vk.com/informburo31 TikTok - www.tiktok.com/@informburo31 WhatsApp Информбюро +7 777 331 31 31