Кеден бекетін контрабанда өткеліне айналдырған сыбайластарға 16-17 жылға дейін қатаң үкім шығарылды

14.04.2014
Қазақ-Қытай шекарасындағы кеден бекетін контрабанда өткеліне айналдырып, миллиардтаған қаржыны қалталарына басқан сыбайластарға 16-17 жылға дейін қатаң үкім шығарылды. Жалғанды жалпағынан басқан олардың хан сарайындай коттедждерінен бастап, әйелдерінің мойнындағы алқаларына дейін бар мүліктері тәркіленді. Ішінде спортшысы да, полковнигі де бар 45 адамның үкімін тыңдап үлгерген журналистер олардың не деп айғайлағанын ести алмай қайтты. Жанар Жолтаева. 45 сотталушыға үкім оқылған бетте, журналистер олардың айқайын естімес үшін, сот залының монитордағы дыбысы бірден өшірілді. Олар лауазымды тұлғалардың есімін атап жатыр ма, әлде судьяға наразылық танытты ма - белгісіз. Ал, 1600-дей томнан құралған, 2 жыл тергеліп, 1 жыл жалғасқан сот Ақмола облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті бастығының орынбасары болған Бақытбек Құрманәлиевке 16 жыл, Алматы облысының Кедендік бақылау департаментінің бастығы болған Құрманбек Артықбаевқа 14 жыл, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы жоғары лауазымды қызметкерлері Талғат Жақаев пен Ирлан Әбдрахмановқа 17 жылдан жаза кесті. БОЛАТ ӘБДІРАХМАНОВ, Ирлан Әбдірахмановтың әкесі: Мен қорғауға қатыстым басталғаннан бері. Бүкіл процесте барлығында болдым, қатыстым, ешқандай дәлелдеген жоқ, тергеу де дәлелдеген жоқ. Сол себептен мен соттың шешімімен келіспеймін. Қытайдан келетін Камаз-Камаз тауарларды "Қорғастан" миллиондаған долларларға астыртын өткізетін қылмыстық топтың басшылары деп танылған Талғат Қайырбаев - 16 жылға, Бақыт Отарбаев 13 жылға сотталды. Олар жазаларын қатаң режим колониясында өтейтін болды. Алайда "Қорғас" бекетінің бұрынғы басшысы Бақытжан Айдаровқа не бәрі 5 жарым жыл ғана абақты тағайындалды. Қалған айыпталушылар 5 жыл мен 10 жыл аралығындағы түрлі мерзімге сотталды. СОВЕТХАН СӘКЕНОВ, судья: Даулы процеске судья болған Советхан Сәкенов сотталғандардың түрлі банктердегі 12 жеке есеп шотын, тойота ланд крузер, БМВ, мерседес сынды 47 қымбат шетелдік көліктерін, 44 пәтер, 12 үй, 7 жер телімі, 10 камаз, 40 рефрижератор, 3 ТЖО, 2 авто орталық пен бірнеше мейрамхана, тіпті жұбайларының мойындарына тағулы алтын алқаларын да толық тәркіледі. СОВЕТХАН СӘКЕНОВ, судья: Сотталғандар белгілі бір мерзім аралығында мемлекеттік қызмет істеу, кәсіпкерлікпен айналысу құқықтарынан айырылды. Сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитеті және кеденнің бұрынғы қызметкерлерінен әскери және арнайы шендері қайтарылып алынды. Аталмыш іске қатысты тағы 19 күдікті бас сауғалап жүр, оларға халықаралық іздеу жарияланған. Ал, Қорғасгейт анықталғаннан бері талай шендінің құлқынына құм құйылып, ұзарған қолдар қысқара түсті. Жанар Жолтаева, Ринат Абулхаиров.

Похожие видео

Показать еще