200 астам медицина қызметкерінің «жағдайын жасаған» кәсіпкер әкімдікке алдандым деп отыр HD

22.07.2021
Ақмола облысында пандемия кезінде 200-ден астам медицина қызметкерін демалыс аймағына жайғастырып, қызмет көрсеткен кәсіпкер әкімдікке алдандым деп шағымданып отыр. Ол карантин кезінде ақ халаттыларға жатын орын, үш мезгіл тамақ бергенін айтады. Бірақ, бұл қызметі үшін әкімдік бір тиын да төлемепті. Сөздерінше, көрсетілген қызмет құны 182 миллион теңгеге тең. Шығынға баттық деген «Елікті парк» тау шаңғы кешенінің ұжымы сегіз айдан бері қаражатты өндіре алмадық деп, енді көмекті Президенттен күтіп отыр. Аймақта коронавирус кең таралған шақта, яғни былтырғы желтоқсан айынан бастап, биылғы 18 ші наурызға дейін «Елікті тау шаңғы парк» кешені тынығушыларды қабылдаудан бас тартып, дәрігерлерге тік тұрып қызмет еткен. 200-ден астам медицина қызметкеріне жатын орын мен ас-ауқатын ұсыныпты. Бұл қызметі үшін әу баста әкімдіктен қомақты ақы алатын болып еш келісімшарт жасамастан, тек сөз жүзінде келіскен екен. Сөйтіп, шығынымыз өтеледі деген сеніммен қолда бар қаражатты аямай жұмсадық дейді кәсіпкер. СӘКЕН АЙТҚАЛИ, «ЕЛІКТІ ПАРКІ» кешенінің директоры: – Пандемия басталған кезде Туризм басқармасының басшысы мен облыс әкімінің орынбасары Қанат Мұратұлы келіп медицина қызметкерлерін жайғастыратын орын тауып беруді сұрады. Сөйтіп, қонақүй кешеніне бір тәулікте 235 медицина қызметкері жайғасты. Төсек орын, 3 рет ыстық тамақ берілді. Біз барлық талаптарды орындадық. Қарыздың жалпы сомасы 182 миллион 300 мың теңге. Міне әлі күнге Ақмола облысы әкімдігі тарапынан бір тиын да қаражат төленген жоқ. Әкімдіктегілер бюджеттегі қаражат тапшылығын айтып, жеңілдік те сұрапты. Кәсіп иесі бастапқыда оған да келіскенін айтады. Бірақ, 8 айдан бері қарызға көрсетілген қызмет құны әлі күнге өтелмеген. Соның кесірінен кәсіпкер шаш етектен шығынға батып, жұмысшыларына жалақы да төлей алмайтын жағдайға жеткен. ЛАРИСА КИМ, аспаз: – Дәрігерлердің жұмыс кестесіне сай таңғы ас сағат 5-6 дан бастап, ал кешкі ас түнгі 1 ге дейін берілетін. Олардың еңбегі толық төленді ғой. Ал, біз әлі күнге жалақымызды да ала алмай отырмыз. Мәселенің анығын білу үшін облыстық әкімдікке хабарластық. Алайда, ондағылар дәрігерлерге қатысты барлық сауал денсаулық сақтау басқармасына деп бастарын алып қашты. НАРИМАН СЫЗДЫҚОВ, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі: – Былтырғы жылдың аяғы мен биылғы жыл басында "Елікті паркінің" ұжымы медицина қызметкерлеріне қызмет көрсету бойынша өз міндеттемелерін толық орындады. Бюджеттегі қаражат тапшылығынан мәслихат сессиясында осы мақсатқа 137, 6 миллион теңге бөлінді. Алайда, «Елікті парк» кешені мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы арасында келісім шарт жасалмағандықтан, төлем жасау мүмкін болмады. Енді қолданыстағы заң аясында құзырлы орган осы мәселені шешудің жолын қарастырып жатыр. Құрғақ уәдеге сеніп, атқарылған қызмет ақысын ала алмай сергелдеңге түскен кәсіпкер сенімге селкеу түсті дейді. Енді ол жақын арада жауаптылар қарызын қайтармаса, көмекті тек Президенттен күтетінін жеткізді. Ерболат Серікбай Бізді әлеуметтік желіде оқыңызда

Похожие видео

Показать еще