Түркістан облысында 100 жуық жүк көлігі Өзбекстанға өте алмай, кептелісте тұрып қалды HD
Түркістан облысы Келес ауданындағы Қонысбаев бекетінде 100-ге жуық жүк көлігі Өзбекстан аумағына өте алмай тұр. Соның кесірінен бекеттен бірнеше шақырымға дейін ауыр техникалар кептелісте тұрып қалған. Бұл жергілікті тұрғындарға кедергі келтіруде. Жол бойында ұзыннан-ұзақ тізбектелген көліктер ауыл жұртының өз үйіне кіріп-шығуына, ал балалардың мектепке қатынауына қиындық тудырып отыр. МАҚСАТ ЖАҚСЫБАЙҰЛЫ, тілші: – Осыдан 100 метр жерде Қонысбаев бекеті тұр. Ал одан шыққан мына жүк көлігі бөгеліп қалған. Себебі баратын жері жоқ. Мұнда мінеки, бірінші қатарда көліктер, мынау екінші қатар болса, мына үшінші қатарда да техникалар тізіліп тұр. Жолды бөгеп тастаған жүк көліктерінің кесірінен өзге ауылдан мектепке тасымалданатын балалар білім ошағына осылай 1 жарым шақырым жаяу жүріп баруға мәжбүр. Әсіресе, бастауыш сынып оқушылары үшін бұл аса қиындық тудырып отыр. Тұрғындар ұл-қыздарымыз ауыр техника астында қалып қоя ма да қорқады. МАҚСҰТ БЕЙСЕНБАЕВ, тұрғын: – Халықтың соры болды, мынау мектеп. Жас балдар өтуге қорқады. Қағып кетейін деді. Осы, бір аптадан бері осы тірлік. Қонысбаев бекетіне жетпестен камаздардың жолды бөгеп, 1 жарым шақырымдай тізіліп тұрғанына 20 күннен асыпты. Күн астында күтуден шаршаған жүргізушілердің жүйкесі де сыр бере бастаған. Бұған себеп, электронды кезектің әуресі деп отыр олар. ЕРІК БЕКБЕРГЕНОВ, жүк көлігінің жүргізушісі: – Онлайн очередь жасап қойды, пробка. Бұрын живой очередь болған. Бәріміз тыныш өтетінбіз. Қазір ұқпайсың, қалай өтетініңді. Электронды кезектің кесірі қалтамызды да қағып барады дейді жүргізушілер. Өйткені ас-су, жанармай шығыны бар. Оның үстіне интернет жиі істен шығады екен. Кеден бекетінің басшылығы техникалардың тоқтап тұрғанына Өзбекстан тарапының өткізбеуі себеп дейді. Жауаптылар көрші елдің рұқсатын күтіп отыр екен. Ал қалған жүк көліктері электронды кезекпен өтіп жатыр деп ақталды. Айтуларынша, бұл цифрландыру бағдарламасы аясында қолға алынған пилоттық жоба екен. ҒАЗИЗ АББАСОВ, Б. Қонысбаев кеден бекетінің басшысы: – Көлік жүргізушілерінің көбі білмейді. Бірақ оларды үйретіп жатырмыз біз. Жәймен үйретіп жатырмыз. Өйткені бұл шетелдің тәжірибесі. Ал жүргізушілер мен жұрт ауылда жүйелі интернет болмайынша, электронды кезек талайдың жүйкесін тоздырады дейді. Мақсат Жақсыбайұлы Бізді әлеуметтік желіде оқыңыздар: Youtube -https://www.youtube.com/channel/UCKJIfb3BN2x14J4U30wzLeA/featured?sub_confirmation=1 Facebook - https://www.facebook.com/informburo31/ Instagram - https://instagram.com/informburo31 Vkontakte - https://vk.com/informburo31 TikTok - www.tiktok.com/@informburo31 WhatsApp Информбюро +7 777 331 31 31 #кептеліс #шекара #Өзбекстан
Похожие видео
Показать еще