Полицейлер енді тойхана мен мейрамханалардың алдын торуылдайтын болады HD
Ертеңнен бастап еліміздегі тойханалар мен мейрамханалардың маңайын полицейлер күзетеді. Тіпті күштік құрылымдар жұмылдырылып, тойханалар әуеде дрон арқылы бақыланады. Осылайша биліктегілер тойшыл қауымды тезге салмақ. Ақтөбе облысының билігі тығылып той жасаған мейрамханалардың жарығын өшіріп, су мен газдан ажыратамыз деп қанша қорқытқанымен әзірге ондай қадамға бара қойған жоқ. Бірақ соған қарамастан карантин шараларына бағынбай, бір емес бірнеше рет айыппұл алған мейрамханалар аз емес. Енді алдағы демалыс күндері тығылып той өткізетін тойханаларды күзетуге күштік құрылымдар жұмылдырылады. Яғни ертеңнен бастап Ақтөбедегі барлық мейрамханаларды жерден полиция, көктен дрон күзететін болады. РУСЛАН ҚАМБАРОВ, Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары: – Мониторинг топтың барлық мүшелері учаскелік полицейлермен бірігіп жұмыс жасайды. Тойдың үстінен түсіп, тоқтатқаннан бізге нәтиже бермей отыр. Сондықтан енді тойханалар мен мейрамханалардың алдын түстен бастап күзететін боламыз. Оған қоса дронмен бақылау жүргіземіз. Мұның бәрі өңірдегі эпид жағдайдың алдын алу. Атырау облысында да эпидахуал күрделі. Тәулігіне онға жуық адам қауіпті инфекциядан көз жұмып жатқанмен думанды тойлар тиылмай тұр. Мобилді топ мейрамханадан бөлек, ауласына жүздеген адам жинап отбасылық шаралар өткізетіндермен алысып әлек. Бірақ нәтижесіз. Амалы таусылған билік полицияның арнайы жасағының көмегіне жүгінген. Осылайша қаладағы мейрамханалар мен клубтарды 24 сағат бойы 28 жаяу патрульдік жасақ күзетеді. Қызыл аймақтағы Қызылорда облысында да той-жиындар тоқтамай тұр. Өткен демалыс күндердің өзінде мониторингтік топ өкілдері аймақта 45 тойды тарқатыпты. Алайда кейбір мейрамхана иелеріне карантин талаптарын бұзғаны үшін 90 мың теңге көлемінде айыппұл салынса да елемейді. Өйткені бір мейрамханада бірнеше рет той болып жатқаны анықталды дейді тексеруші топ мүшелері. Сондықтан мұндай кәсіпкерлерге бұдан былай қатаң жаза қолданылатын болады дейді. ДӘУЛЕТ ӘБЕНОВ, мониторингтік топтың мүшесі: – 3 реттен көп анықталса, облыстық СЭС материалдарды сотқа жолдайды. Сот кәсіпкерлік нысанды қызметін уақытша тоқтату туралы шешім шығарады. 1 ай мен 12 айға уақытша жұмысын тоқтатуға сот шешім шығарады. Алдағы демалыс күндері Түркістан облысында да бес жүзге жуық мейрамхана полицейлердің бақылауында болады. Ал Шығыс Қазақстан облысында үлкен тойханалардың алдына полиция бекеттері орнатылмақ. Жанар Қожанова, Жанат Молдашева Бізді әлеуметтік желіде оқыңыздар: Youtube -https://www.youtube.com/channel/UCKJIfb3BN2x14J4U30wzLeA/featured?sub_confirmation=1 Facebook - https://www.facebook.com/informburo31/ Instagram - https://instagram.com/informburo31 Vkontakte - https://vk.com/informburo31 TikTok - www.tiktok.com/@informburo31 WhatsApp Информбюро +7 777 331 31 31 #карантин #той #мерекелік_шаралар #мониторинг
Похожие видео
Показать еще