Ауғанстанда сауда жасап жүрген қазақтар, тәліптерден үрейленіп елге қайта алмай жатыр HD

18.08.2021
Ауғанстанға сауда-саттықпен барып жүрген қазақ азаматтары аумалы-төкпелі жағдайдан кейін елге қайта алмай қалған. Тәліптердің қысымынан үрейленген олар өмірі үшін алаңдап отыр. Айтуларынша, онда тіршілік тұралаған. Кейуаналар мен әйелдер көшеге шығудан қалған. Ал ауруханаға бару тіпті мұң. Бұл әсіресе, жаңадан босанған аналар үшін тым қиын болып отыр екен. Әріптесім Ерлан Қуандық ауған жеріндегі қазақтармен байланысып, жағдайларын біліп көрді. Ауғанстанда тұрған этникалық қазақтың бірі Әбдісаттар Нематуллаұлы ағайындарымен 2002 жылы Қазақстан азаматтығын алып, 2011 жылы елге көшіп келген. Шымкентке тұрақтаса да, Ауғанстанға сауда-саттықпен жиі баратынын айтады. Түркия, Пәкістан мен Өзбекстаннан дәрі сатып алып, Ауғанстанға апарады екен. Ал төңкерістен соң, елге жете алмай қалған. Әбдісаттардың айтуынша, қазір әйелдер үйде тығылып отырса, ерлер дүкенге бару үшін билік өкіліне ескертіп қана көшеге шығатын болған. ӘБДІСАТТАР НЕМАТУЛЛАҰЛЫ, Ауғанстандағы Қазақстан Республикасының азаматы: – Қазақстан елшілігі де Кабулда жабылып қалған. Кабулде де бар ағайындар, бір-екі үй ағайын. Бәріміз бір-бірімізбен хабарласып тұрғанбыз. Сол көмек күтіп тұрмыз. Қазақстан үкіметінен. Көмек келеді ме деп. Шығуымыз керек. Не болып, не қалатыны белгісіз мына жақта. Күнбе-күн қиыншылық көбейіп жатыр. Көшелерде адам көрінбейді. Қазіргі тұрақтаған Бағлан қаласының Пұлқұмыр өңірінде пуштундардан өзге тәжік пен өзбек аз емес дейді Әбдісаттар. Өзара парсы тілінде сөйлеседі екен. Әбдісаттардың әйелі мен бір баласы, ата-әжесі қасында. Ал, әкесінің кейінгі әйелі жуырда үйде босанып, ауруханаға жете алмай қалған. СӘЛИМА ӘБДІЛӘЗИЗ, Ауғанстандағы Қазақстан Республикасының азаматы: – Мына келін босанып отыр. Больницаға не бір жаққа шыға алмаймыз. Бір дәрі алуға, неге болса да. Осындай қиын жағдайда үйде қамалып отырмыз. Енді қанекей, бізге қазақ елі болып көмектесіп жіберсе. Біз шықсақ осы жерден. Мына көрініс Ауғанстанның Мазари Шариф қаласынан бүгін түсірілген. Мұнда да қазақтар қоныстанған. Елден шығуға көмек сұрап отыр. Қазір мұнда ерлерге сақал қою жаппай міндеттеліпті. Қала көшелерінен тек бірен-саран жеңіл көлік көзге түседі. Көбіне мотоциклмен жүрген азаматтарды байқауға болады. Көшеде тек саудагерлер жүр. Жат жердегі қазақтар дүкендер мен дәріханалардағы көріністі түсіруге жүрексінетінін жеткізді. Өйткені тұтқиылдан тәліптер ұстап алуы мүмкін дейді. Ауғанстанға барып шыға алмай қалған шымкенттік Әбдісаттар Нематуллаұлы мен оның отбасының жағдайын айтып, Сыртқы істер министрлігіне хабарластық. Министрлік өкілі ел азаматтары елшілікке барғаны дұрыс дейді. Бізді әлеуметтік желіде оқыңыздар: Youtube -https://www.youtube.com/channel/UCKJIfb3BN2x14J4U30wzLeA/featured?sub_confirmation=1 Facebook - https://www.facebook.com/informburo31/ Instagram - https://instagram.com/informburo31 Vkontakte - https://vk.com/informburo31 TikTok - www.tiktok.com/@informburo31 WhatsApp Информбюро +7 777 331 31 31 #Тәліптер #Талибан #Ауғанстан #соғыс #АшрафГани

Похожие видео

Показать еще