Болашақ ұрпақ тәрбиесі адамзат алдындағы тұрған ең жауапты мәселе. HD
Болашақ ұрпақ тәрбиесі адамзат алдындағы тұрған ең жауапты, ең маңызды мәселе екені белгілі. Кез келген адамның қалыптасуы ана құрсағынан, балалық шақтан бастау алады. Тәрбиенің негізі бес жасқа дейін қалыптасады. Осы жасқа дейінгі баламен жүргізген тәліміңіз бүкіл тәрбие үрдісінің тоқсан пайызын құрайды дейді мамандар. Дей тұрғанмен, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің ұрпақ тәрбиесіндегі орны өз алдына бір төбе. Балабақша қабырғасындағы бала белгілі бір күн тәртібіне сай әрекет жасауға, топтасып ойнауға үйренеді, танымдық қабілеті кеңейіп, жазу, сызу, сурет салуға дағдыланады. Сонымен бірге, ата-аналарының да алаңсыз еңбек етіп, отбасына, қоғамға пайда әкелуіне мүмкіндігі туады. Бүгінгі таңда еліміздегі 3-6 жас аралығындағы балаларды 2020 жылға дейін мектеп жасына дейінгі тәрбиемен толыққанды қамтамасыз етуге бағытталған кешенді бағдарламалар арқылы келелі іс-шаралар жүзеге асырылып келеді. «Балапан» бағдарламасы бойынша қаншама жаңа ғимараттар салынып, іске қосылды. Осының бәрі бала тәрбиесіндегі балабақшалардың рөлі жоғары екенін көрсетеді. Осы бағыттың бірінде Шу ауданы Ескі-Шу ауылдық округі әкімінің аппараты коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Балдырған» балалар бақшасы коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны аудандық семинар өткізді. Семинардың тақырыбы: «Балабақша аясындағы театр-рухани тәрбиенің қайнаркөзі» болды. Семинардың мақсаты: Мектепке дейінгі жасөспірім баланы тәрбиелеу мен дамыту ісіне байланысты театрландырылған ойын-қойылымдарында ертегі желісін ретімен орындауды, театрландырылған әрекеттің түрлі жұмыс тәсілдерін меңгеруді, өзінің қимылын серіктесінің қимылымен үйлестіруді, сахнада бағдарлауды, әдеби кейіпкерлердің әрекеттеріне өзінің көзқарасын білдіруді, адамгершілік нормаларымен түсініктері тұрғысынан бағалауды үйрету. Бұл атаулы семинарды Шу ауданы әкімдігінің білім бөлімінің мектепке дейінгі ұйым әдіскері Зүбәрзат Турсымбекова алғы сөз сөйлеп ашып берді. Семинарды алғашқысы болып ортаңғы топ балалары «Түлкі мен қоян» ертегісі тақырыбында қуыршақтар көрінісін қойды: Ал екінші тренинг бойынша «Көңілді сәт» атты сабақ жүргізіп, үшінші кезекте ІІ-ші топтың ұйымдастырылған оқу қызметі «Көркем әдебиет» «Ертегілер еліне саяхат» тақырыбында көрініс қойды: Семинар соңында «Біз өнерлі баламыз» атты балабақша бүлдіршіндерінің көнцерттік бағдарламасына ұласты.