Мәжіліс төрағасы Н.Нығматулин «мұрагерлікке үміткер» емес екендігін айтты

27.01.2014
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин «мұрагерлікке үміткер» емес екендігін айтты. Жуырда ғана «Central Asia Monitor» басылымында шыққан мақала Нығматулиннің шымбайына тиген сияқты. Бүгін ол газет тілшісіне ашық хат жазып, Парламент Мәжілісінің ресми сайтына жариялап қойды. Ал саясаттанушылар, бұл арнайы тапсырыспен жазылған мақала болуы әбден мүмкін деп отыр. Себебі Мәжіліс төрағасы былтырғы жылы біраз адамның алдын кескен еді -деп отыр. Нығматулинде кімнің ақысы бар екендігін тілшіміз Жанар Жолтаева анықтап көрген еді. Көппартиялы парламенттің екі тізгін бір шылбырын қолына ұстаған Нұрлан Нығматулин Парламент Мәжілісінің ресми сайтында ақталып, "Мен Президенттің ізбасары емеспін" деп, басылым тілшісінің атына ашық хат жариялапты. Саясаткер журналистің «Мұрагерлікке үміткерлер» тақырыбына арналған мақаласында "басты кейіпкерге" айналғанына таңданыспен қарапты. Әрі мұндай ой қорытуды жауапсыз қалдыруды жөн көрмепті. Жалпы мәжіліс төрағасы өткен жылы біраз шенеуніктің шымбайына тиіп, көптің алдында лауазымды тұлғаларды ұятқа қалдырған болатын. Солардың бірі Сыртқы істер вице-министрі Самат Ордабаев еді. Алдымызға дайындықсыз келіп, міңгірлеп тұрсың деп мінез көрсеткен Нығматулин Ордабаевты жиын залынан қуып шыққан болатын. Қағаздарын шала-пұла жиып, сыртқа шығуға асыққан шенеунік, алды артына қарамай қашып, тілшілерге жеткізбей кетіп, күлкіге қалған еді. НҰРЛАН НЫҒМАТУЛИН, Мәжіліс Төрағасы: Пожалуйста, здесь лекции не читайте. Вы пришли в Парламент, вам задают вопросы - отвечайте. Если не готовы, давайте снимем этот вопрос с повестки. Если не готовы - уходите, мы вас в следующий раз послушаем. Ал премьер Серік Ахметовтың өзі бастап қатысқан төменгі палатаның бір отырысында мәжіліс төрағасы Уәлихан Бишімбаевтың сұрағына жауап беріп жатып, "Уәке" деп қалғаны үшін Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаевты қатаң сынға алған болатын. Тосыннан мінез танытқан Нығматулин Досаевқа мәжіліс мінберіне шығып алып, дастархан басында отырғандай "Бәке, Мәке" деп бір-біріңді еркелетуді доғарыңдар деп қатаң ескерту жасаған болатын.

Похожие видео

Показать еще