Дүниежүзілік табиғи мұра тізіміне енген Қорғалжын қорығына қамқорлық керек HD

08.05.2017
Қорықтарға қамқорлық керек. Табиғат жанашырлары осылай деп дабыл қағуда. Айтуларынша, ақбөкендерді атып, құстарды құлатып жатқан қаскөйлермен күресу қиынға соғып отыр. Мәселен қоқиқаздардың сүйікті мекеніне айналған Қорғалжын қорығында мәселе көп. Айналасы қоршалмаған. Мамандары тапшы. Тіпті қорыққа жетудің өзі қиямет. ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік табиғи мұрасы тізіміне енген Қазақстанда екі қорық бар. Бірі Науырзым, екіншісі осы Қорғалжын қорығы. Оның аумағында Қызыл кітапқа енген жануарлар мен өсімдіктердің 60-тан астам түрі кездеседі. Құстардың 354 түрі мекендейді. Қызыл қанатты қоқиқаз да бар. Сонау Африкадан ұшып келетін қоқиқаздар үшін Теңіз көлі таптырмайтын мекен. Бірақ оның қорегіне де адам баласы ортақтаса бастады. Асылхан Асылбеков, «Қазақстанның биологиялық алуан түрлілігін сақтау» қорының жетекшісі: - Қоқиқаздардың азығы артемия шаяндары. Қытай соңғы уақытта осы шаяндарды қымбатқа ала бастады. Шамамен 8-10 тоннасы 40 мың доллар. Осыны естігендер көлге түнде келіп қапшық-қапшық етіп аулап, көрші елге өткізеді. Тұмса табиғатты қорғауға қорықтың күші жетпей жатыр. Табиғат жанашырлары қорыққа қамқорлық керек дейді. 2009 жылы қорық көлемі 280 мың гектарға ұлғайғанмен, қызметкерлер саны көбеймеген. Қорықтың аумағы қоршалмаған. Сондықтан заңсыз аңшыларға тосқауыл қою мүмкін емес. Бірнеше жыл бұрын ақбөкендер 20 мыңға жетсе, қазір азаюда. «Дұрыс күзетілмесе, барлығынан айырылып қалуымыз мүмкін», - дейді мамандар. Салтанат Рахымбекова, «Жасыл экономика» және G-Global дамыту коалициясы» басқарма төрайымы: - Сарапшылардың бағалауы бойынша қаржыландыру мәселесіне 50-60 пайыз жеткіліксіз болып тұр. Сондықтан қаржы мәселесін шешуде үшін ҮЕҰ-ды мен үлкен компанияларды тартып, акциялар жоспарлап отырмыз. 1990 жылы еліміздегі құстар саны 33 млн 700 мың болса, қазір екі есе азайып, 14 млн қалыпты. Мамандар: «Экожүйені қалыптастыру үшін экомәдениетті дамыту керек», - дейді. Азаматхан Әміртаев, «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының президенті: - Экомәдениетті қалыптастыруымыз керек. Соның арқасында біз кәсіпкерлерге, қаражаты бар банктер мен мекемелерге импульс береміз. Олар экологияға қаржылай көмек берсе, салықтан жеңілдік беру жағын қарастыру керек. Сол арқылы біз экологиямызды қорғай аламыз. Айтпақшы, Астананың іргесінде бұл қорыққа жету бір қиямет. Шұрық тесік жол табиғаттан алған тамаша әсерді оңай шайып жіберді. Мүмкін елдегі экотуризмді дамытуды әуелі қара жолдан бастау керек шығар. Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Абдолла Исаев

Похожие видео

Показать еще