ҚР мен ҚХР арасында екі жылда 73,5 млрд доллардың инвестициялық келісімі жасалды HD

28.08.2015
Қыркүйектің 3-інде Бейжіңде Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына 70 жыл толуына орай әскери шеру өтетіні туралы хабарлағанбыз. Оған Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің ресми шақыруымен біздің Президент те қатысады. Мемлекеттік іссапар барысында екі ел басшыларының кездесуі де жоспарланған. Екі ел арасындағы әріптестік байланыстың қайта пысықталуы әлемдік экономиканың тұрақсыздығы кезінде ерекше маңызға ие болып отырғаны жасырын емес. Қытай Қазақстанды қашанда іргелес жатқан ең сенімді стратегиялық әріптес санайды. Көрші елмен түрлі саладағы ынтымақтастықты арттыру – Қазақстанның да сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі. Қос мемлекет іскер әріптес ретінде бірін-бірі жоғары бағалайды. Бүгінге дейін екі жақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықта үлкен нәтижелерге қол жеткіздік. Мәселен, тек соңғы екі жылда 73,5 млрд доллардың инвестициялық келісіміне қол қойылды. Жалпы Халықаралық аренада да Қытай үнемі қолдау көрсетіп келеді. Таяуда «ЕХРО-2017» көрмесіне қатысатынын ресми растап, Бейжің Астанаға ыстық ықыласын білдірген болатын. Қазақ еліне инвестиция салуда ғана емес, шикізат, металлургия саласында да алып көршіміздің үлесі зор. Бірақ соңғы уақытта доллардың күшейіп, ұлттық валюталардың құнсыздануы Қытайдың сыртқы елдермен саудасына әсер етпей қоймайды. Ху Юйвэй, Қытай Халық Университеті экономика және қаржылық зерттеулер орталығының сарапшысы -Шыны керек, Қытай ақшасының әлсіреуі Азиядағы бірқатар елге тиімсіз болып отыр. Көптеген мемлекеттердің қазір көңілі күпті екені жасырын емес. Меніңше бұл уақытша құбылыс. Дегенмен юаннің құнсыздануы Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда экономикалық байланысқа да әсері бар. Бірақ таяуда жағдай тұрақтанады. Сондықтан сауда-саттық бір қалыпқа келуі тиіс. Өйткені «Ұлы Жібек Жолын» қайта жандандыру Қазақстан экономикасын дамытуда үлкен серпін беретін болады. Сонымен әлемдік экономиканың тұрақсыздығы тұсындағы Мемлекет басшысының Қытайға ресми іссапары үлкен маңызға ие. Қос тарап та бұл жолғы кездесулерден соң Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестік жаңа кезеңге көтерілетініне сенім білдіріп отыр. Бейжіңге Жеңістің 70 жылдығын тойлауға келетін мемлекет басшыларының арасында саусақпен санарлық Президенттерге Мемлекеттік іссапар жасау мүмкін болып отыр. Соның бірі – Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. (Автор: Нұрбек Бекен)

Похожие видео

Показать еще