Алматыда ұмыт қалған ұлттық тағамдар жаңғыртылуда HD
Айран, қатық, сүзбе, ірімшік, балқаймақ, қорықтық, көмбе, құрт. Қазақтың бұл ұлттық тағамдарының кейбірін білсек те, біразының атауы да, жасалу жолы да ұмыт қалған. Алматыда Наурыз мерекесі қарсаңында ұмыт қалған ұлттық тағамдарымыз жаңғыртылып, жасалу жолы көрсетілді. Қазақтың ұлттық тағамы дегенде бауырсақ, ет пен наурыз көжені айтып шектелетініміз бар. Ал шын мәнінде байырғы көшпелі халқымыз қуаты жоғары, құнарлы тағамдарды көп пайдаланған. Солардың бірі – көмбе. Тағамның бұл түрін бабаларымыз жол үстінде ыдыс жоқ кезде жерді қазып, от жағып, жас етті істікке іліп, бетін жауып пісірген. Қазір заманауи әдіспен көмбені қыш құмыраға пісіруге болады. Шоқтың қызуымен, ішіне құйылған су арқылы ет буланып, дәмі тіл үйірердей болып піседі. Ахметбек Нұрсила, шеберлік сабақтарын ұйымдастырушы -Біздің мақсатымыз – ежелгіні қайтадан жандандыру. Бұл бір жағынан біздің ауыл шаруашылығының дамуына, екінші жағынан ұлттың денсаулығы, үшінші жағынан халықтың патриотизмін көтереді. Және ол бизнестің көп түрін ашады. Қазақта құрттың он шақты түрі бар. Сықпа құрт, ежігей құрт, езілген құрт, май құрт. Солардың бірі жарма құртты жасау үшін айранды сабада пісіп, майын алып, қайнатқан соң құртты үлкен домалақ етіп жаяды. Дастарқанға берерде жарып, жеуге ыңғайлы етіп қойылады. Жарма құрттың ұсақ жайылған құрттан өзіндік ерекшелігі бар. Алма Көнекбай, аспаз -Жарма құрт деген үлкен қылып жаяды. Сосын іші жұмсақ болып тұрады. Үлкен жайғаннан кейін іші көп қатты кеппейді. Сол үшін жарма құрт деп атайды. Жарма құрттың пайдасы өте көп. Бұрынғы көшпелі ата-бабаларымыз көп пайдаланған. Құрамы калцийге өте бай. Ахметбек Нұрсила, шеберлік сабақтарын ұйымдастырушы -Пробиотик деген адамның өмірін ұзартады деген сөз. Пробиотик деген не дегенде ол мына қышқыл тағамдар. Ол айран, шұбат, қымыз. Қазақтың өскелең жастары ата-бабасының құнарлы тамағынан нәр алуға тиіс. Сонау ғасырлар бойы әжелеріміз, апаларымыз сақтап келген. Соны қайтадан жандандыруға тиіспіз. Сонда ұлтқа деген патриоттық сезімі, махаббаты, құрметі оянады. Күнделікті ішіп жеген астың адамның болмысына әсері барын ғалымдар әлдеқашан дәлелдеп қойған. «Ұлттық тамырдан ажырамас үшін өз елін, жерін сүйетін ұрпақты тәрбиелеуде ұлттық тағамдарды білу де маңызды», – дейді мамандар. Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Ғани Бекенов