Кенді шаһар – Кентауға биыл алғаш рет көгілдір отын келді HD
Қазір 20 мың отбасы табиғи газдың қызығын көріп отыр. Жергілікті билік алдағы 2 жылда қала мен оған қарасты 4 ауылдың тұрғыны толығымен көмір жағып, күл шығарудан құтылатынын айтады, деп хабарлайды «Хабар 24». Кентау – моноқалалар тізіміне енген оңтүстіктегі жалғыз қала. Кеңес дәуірінде кенді шаһар ретінде танылып, алып кәсіпорындарымен танымал болды. Тоқырау жылдарындағы қиындық Кентау қаласын айналып өтпеді. Мұнда да өндіріс орындары жабылды. Жұмыссыздық белең алды. Алайда соңғы жылдары кенді шаһар уақыт талабына сай көркейіп келеді. Қазір қаланы дамытудың бас жоспары жасалып жатыр. Кентау десе, ең алдымен көз алдыңызға биік мұнаралары бар алып өндіріс ошақтары мен кен орындары елестейтіні заңдылық. Бірақ оның барлығы естелік болып, өткен ғасырдың еншісінде қалды. Қазір Кентау жаңа бағытта, заман талабына сай дамып келе жатыр. Жаңа үйлер салынып, қала үлкейе түскен. Тоқсаншы жылдардың ортасында халық үдере көшіп, мұнда бар болғаны 40 мың ғана адам қалса, бүгінде қала тұрғындарының саны 75 мыңға жеткен. Кейіннен қосылған шағын аударға да жол төселіп, жарық шамдар орнатылуда. «Хабар 24» арнасына жазылыңыздар: http://bit.ly/31WnObW Біздің сайт - https://24.kz